16.09.2021, 18:52 14949

Тоқаев: Қазақстан ҰҚШҰ елдерінде ауған босқындары мен шетелдік әскери базаларын орналастыруға қарсы

ДУШАНБЕ. 16 ҚЫРКҮЙЕК - Бүгін Душанбе қаласында Ұйым елдері көшбасшыларының қатысуымен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы өтті. Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, шағын және кең форматтағы талқылаулардың бірі Ауғанстандағы жағдай болды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY.
 

Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің тамыз айында кезектен тыс өткізілген сессиясында Ауғанстандағы түбегейлі өзгерген ахуалға байланысты туындаған сын-қатерлер мен қауіпті егжей-тегжейлі талқыладық. Қазақстан тараптардың осы кездесуде айтқан тәсілдері мен ұсыныстарын қолдайды. Оларды іске асыру үшін нақты жұмыс істеуге дайынбыз. Біріккен штаб жанынан Жедел мониторинг тобын құру жөніндегі тәжік тарапының бастамасын дер кезінде ұсынылды деп санаймыз. Бұл Ауғанстандағы жағдайды қадағалап отыру мақсатында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің құзыретті органдарының іс-қимылдарын ұйымдастыру үшін қажет", – деді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Ол елдеріміздегі террорлық ошақтарды анықтап, ауыздықтау жөніндегі, сондай-ақ, экстремизм мен терроризм үгітіне қарсы күрес жұмыстарын күшейту қажеттігі туралы әріптестердің пікірлерін қолдады.
 

Оңтүстік шекара әрі ҰҚШҰ-ның өзіндік "қауіпсіздік белдеуі" саналатын тәжік шекарасын бекемдеуге жан-жақты көмек көрсету қажет деп санаймыз", – деді Қазақстан Президенті.

 
Мемлекет басшысы Ауғанcтан босқындарын және елдеріміздің аумағында шетелдің әскери базасын орналастырудың тиімсіздігі туралы ортақ ұстанымды қолдады. Сонымен қатар гуманитарлық көмек пен ауған халқына халықаралық қолдау көрсетудің маңыздылығы ескеріліп, БҰҰ-ның Ауғанстандағы Миссиясының қызметкерлері Алматы қаласында уақытша орналастырылғанын айтты.
 

Біздің бақылауымызша Ауғанстандағы жағдай аса қатты тұрақсызданып, азамат соғысына ұласуы мүмкін. Жаңадан уақытша үкімет құрылды. Оның құрамы мен ниеті туралы әлемде әртүрлі пікір бар. Жаңа тәліп әкімшілігінің құрылуы Ауғанстанда бейбітшіліктің орнағанын және экономикалық тұрғыдан даму үшін қажетті жағдайлар жасалатынын білдірмейді. Бұл жерде күтпеген кедергілер бары анық", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Қазақстан Президенті Ауғанстандағы ахуалдың ушығуына алаңдайтынын білдірді. Оның пікірінше, осы елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай гуманитарлық дағдарысқа қарай бет алған.
 

Ауғанстанмен арадағы қалыптасқан сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және энергетикалық байланыстарды мүмкіндігінше қайта қалпына келтіру маңызды деп санаймын. Ауғанстандағы ұзақмерзімді стратегиялық ұстанымдарын әзірлеуге қатысты жаңа биліктің қызметін мұқият бақылауды жалғастыру қажет деп ойлаймын. Біздің негізгі бағдарымыз – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шешімі. Қазақстан оны толық қолдауға ниетті", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Ол Ауғанстанның жаңа билігімен іс-қимылдарды үйлестіру және ықпалдастықты қамтамасыз ету жөнінде нақты шаралар қабылдауды ұсынды.
 

Жаңа ауған билігінің шекаралас мемлекеттер мен аймақтарға терроризм қаупінің таралмауына жол бермеу жөніндегі міндеттемелерін орындауы – біздің айқын басымдығымыз. Бұл есірткі тасымалы мен заңсыз көшуге қатысты. Олармен күрес барлық мүдделі тараптардың ұжымдық күш-жігерін талап етеді", – деді Мемлекет басшысы.

 
Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік геосаясат туралы айта келіп, Ресей мен АҚШ Президенттерінің Женевада кездесуінің маңыздылығын атап өтті, оның қорытындысы бойынша екі ірі ядролық держава арасындағы стратегиялық теңгерімді сақтау мәселелері жөнінде маңызды уағдаластыққа қол жеткізілді. 
 
Баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, отырыс барысында Қазақстан халықаралық үш келісімнің қабылдануын құптады. Атап айтқанда, юрисдикция және құқықтық көмек көрсету мәселелері, ҰҚШҰ әскерлерін материалдық-техникалық қолдау және медициналық тұрғыдан қамтамасыз ету туралы, сондай-ақ Бітімгерлік қызмет туралы келісім Хаттамасы.
 

Желтоқсан сессиясында айтылған ұсынысымды іске асыруда Бас хатшының бітімгерлік жөніндегі арнаулы өкілі туралы шешімді қабылдаймыз. Қолдағандары үшін барша әріптестеріме алғысымды білдіремін. Осындай институттың құрылуы Ұйымның жұмысына тың серпін беретініне сенімдімін", – деді Мемлекет басшысы.

 
Саммит қорытындысы бойынша ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясын қабылдады. 
 
Отырысқа, сондай-ақ, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин (бейнебайланыс режимінде), Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Арменияның Премьер-Министрі Никол Пашинян, сондай-ақ, ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы Станислав Зась қатысты.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны