21.10.2021, 20:36 128593

Тоқаев Қазақстанда этносаралық қақтығыстардың арандатушыларымен аяусыз күресетінін мәлімдеді

Президент өз Жолдауында ел бірлігін нығайта түсу қажеттігіне айрықша мән бергенін еске сала отырып, осы маңызды бағытта Ассамблеяның басты рөл атқаратынын айтты.
НҰР-СҰЛТАН. 21 ҚАЗАН - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы барысында республикадағы этносаралық қақтығыстардың арандатушыларымен аяусыз күресетінін мәлімдеді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтемме жасап.
 
Президент өз Жолдауында ел бірлігін нығайта түсу қажеттігіне айрықша мән бергенін еске сала отырып, осы маңызды бағытта Ассамблеяның басты рөл атқаратынын айтты. 
 
Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдар мен Қазақстан халқы Ассамблеясына бірқатар басым міндет жүктеді.
 
Президент, ең алдымен, мүмкіндіктердің тең болу қағидатына негізделген аймақтық дамуды қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды. Соның ішінде этникалық анклавтардың туындауына, мәдени және тілдік кедергілерге, этносаралық шиеленістер мен қақтығыстарға әкеліп соғатын әлеуметтік-мәдени оқшаулануға қатысты қатерлерге тоқталды.
 
Мемлекет басшысы мұндай қатерлердің алдын алу үшін еліміздегі қалалар мен ауылдарда, оқшауланған этникалық аудандар мен кварталдардың қалыптасуы сияқты жағымсыз тенденцияны еңсеруге бағытталған жүйелі шаралар әзірлеу қажеттігін айтты. Сонымен қатар, бірқатар аймақта этникалық топтардың қазақстандық шынайы өмірден алыстауына байланысты "ішкі эмиграция" үрдісі байқалып отырғанына назар аударды.
 

Бұл үрдіс этникалық топтардың Қазақстан қоғамына толық интеграциялануына кедергі келтіруі мүмкін. Мұндай күрделі әрі проблемалы жағдайлар туралы ашық айтылуы керек деп ойлаймын. Бұл проблемаларға көз жұмуға болмайды. Әйтпесе, бұл келеңсіздікке әкеп соқтыруы мүмкін және туындаған мәселелерге шынайы баға бере алмаймыз. Мемлекет этникалық топтардың әлеуметтік-экономикалық интеграциялану саясатын жүргізіп, осы негізде кез келген шиеленістің жанжалға ұласпауы үшін алдын алатынын ерекше атап өткім келеді. Мұндай жанжалдардың бәрі теріс пиғылды арандатушылардың ісі екенін жақсы білеміз. Ондай арандатушылармен күресеміз және оларға аяушылық болмайды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Президенттің пікірінше, этносаралық қатынастар саласындағы жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігін арттыру маңызды міндет. Осыған байланысты бейбітшілік пен келісімді нығайту үшін азаматтық қоғам институттарын жан-жақты қолдау қажет. Тиісті лауазымды тұлғалар олардың қызметін үйлестіруге тікелей жауапты болады.
 
Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдардың тағы бір басым міндеті ретінде әлеуметтік, қылмыстық, тұрмыстық жанжалдардың алдын алуды атады. Президенттің пайымдауынша, этникалық астамшылықтың барлық көрінісі, қандай да бір кемсітушілікке, қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермей, ішкі тұрақтылықты заңға сәйкес қамтамасыз етуі керек.
 

Біздің бірлігімізге зиян келтіруді көздейтін сырттағы және ішкі теріс пиғылды адамдардың, түрлі авантюристердің, жауапсыз әрі қабілетсіз саясаткерлер мен сарапшылардың жетегінде кетпеу маңызды. "Ит үреді, керуен көшеді" деген сөз бар. Біртұтас қоғам ретінде біздің ұстанымымыздың дұрыс екеніне сенімдіміз. Алайда бұл әрекет етпей отыр дегенді білдірмейді. Біздің қоғамға және мемлекетімізге қарсы арандатушылықтың барлық түріне құқықтық әрі ақпараттық құралдар арқылы тойтарыс беру керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

 
Президент өз Жолдауында ел бірлігін нығайта түсу қажеттігіне айрықша мән бергенін еске сала отырып, осы маңызды бағытта Ассамблеяның басты рөл атқаратынын айтты. 
 

Кейінгі уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы әртүрлі этникалық топтарды қорғауға және олардың мүдделерін ілгерілетуге бағытталған деген пікірлер жиі айтылады. Бірақ бұл – еліміздегі оның мәні зор екеніне берілген біржақты түсінік. Шын мәнінде, Ассамблея ұлт бірлігін нығайтудың нақты құралына айналды және барлық азаматты ортақ мемлекеттілік идеясының төңірегіне жұмылдыра алды. Ассамблеяны құрудың арқасында өте күрделі проблеманың – этникалық мәселені саясиландырудың алдын алу тетіктері пайда болды", – деді Мемлекет басшысы.

 
Сонымен қатар Президент Ассамблея халықтың тұтастығын нығайтуға, қазақстандықтарды қоғамдық-саяси өмірге жұмылдыруға, мемлекеттік тіл мен оның Қазақстандағы мәртебесін ілгерілетуге және азаматтық белсенділіктің жаңа формасының қалыптасуына қосқан үлесін атап өтті.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны