01.04.2021, 23:55 12718

Тоқаев бірқатар заңға қол қойды

Мемлекет басшысы төрт заңға қол қойды.

НҰР-СҰЛТАН. 1 СӘУІР - Мемлекет басшысы төрт заңға қол қойды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы "Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің темекі өнімдеріне акциздер саласындағы салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Заңда 2024 жылдан бастап темекі өнімдеріне акциздердің индикативтік мөлшерлемесін қолдану көзделген. Бұл тәсіл ЕАЭО қатысушыларының аумағында темекі өнімдерінің акциздеріне салық салуды қолданудың бірыңғай тәжірибесін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Президент "Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Заң шеңберінде Болгария мен Қазақстан сотталған адамдардың өз азаматтығы мемлекетінде жазасын одан әрі өтеуі үшін оларды беру жөніндегі құқықтық жағдайларды қамтамасыз етеді. Яғни, Болгарияда сотталған қазақстандықтар сол жерде жасаған қылмыстары үшін жазасын өз Отанында өтей алады, ал керісінше, Болгария азаматтары өз Отанында жазасын өтей алады.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев "2005 жылғы 25 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Келісім ТМД-ға қатысушы елдердің аумағында есептен шығарылған, сондай-ақ зақымданған автокөлік туралы ақпарат орналастырылатын ақпараттық деректер базасының жұмысын қолдауды білдіреді. Мұндай жедел ақпарат алмасу Достастық елдерінің көлік құралдарын ұрлауға қарсы күрес және олардың қайтарылуын қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен әрекеттерін жандандыруға көмектеседі.

Және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік қауіпсіздік, индустриялық аймақтар, жануарлар дүниесі, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, энергетика, табиғи монополиялар және ішкі істер органдары қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойылды.

Заң жобасының ережелері Ішкі істер органдары қызметкерлерінің кейбір санаттарын тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа жүйесіне көшуді көздейді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны