19.03.2021, 21:08 12514

Тоқаев бизнесін адал жүргізіп отырған кәсіпкерлердің қылмыстық қудалауға түсуіне жол бермеу жөнінде жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды

Бюджет қаржысын жымқыру деректері бойынша 14 миллиард теңге көлемінде шығын келтірген 125 қылмыстық іс қозғалған.
НҰР-СҰЛТАН. 19 НАУРЫЗ - Қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов Қасым-Жомарт Тоқаевқа көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдарды күшейту жөнінде берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы есеп берді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Жанат Элимановтың айтуынша, жыл басынан бері сегіз ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілген, оның екеуі трансұлттық топ. Сондай-ақ ол бюджет қаржысын жымқыру деректері бойынша 14 миллиард теңге көлемінде шығын келтірген 125 қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді. 
 

Президентке Агенттіктің қаржы пирамидаларының жолын кесу бағытында атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндалды. Ведомство басшысының айтуынша, бүгінгі таңда күмәнді іс-әрекеттер бойынша 21 материал құқық қорғау органдарына жолданған", - деді Ақордада.

 
Бұдан бөлек Мемлекет басшысына кәсіпкерлердің қылмыстық қудалауға түсуіне жол бермеу үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берілді. Жанат Элиманов 2020 жылдың қорытындысы бойынша тіркелген экономикалық қылмыстардың саны өткен жылдармен салыстырғанда алты есеге азайғанын айтты. Қылмыстық істерді тексеру бойынша кәсіпкерлерді тергеуге шақырулардың саны екі есеге, ал тергеп-тексеру мерзімі 40 пайызға қысқарған.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев бизнесін адал жүргізіп отырған кәсіпкерлердің қылмыстық қудалауға түсуіне жол бермеу жөнінде жүйелі шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударды. 
 
Кездесу соңында Президент Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасына бірқатар нақты тапсырма берді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны