27.09.2022, 15:23 21736

Тоқаев: ең бастысы - іргелес елдермен тату болуымыз керек

Тоқаев: ең бастысы - іргелес елдермен тату болуымыз керек
ТҮРКІСТАН. 27 ҚЫРКҮЙЕК - Қазақстан Президенті Түркістан облысының жұртшылығымен кездесу барысында елдегі қалыптасқан көші-қон жағдайына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Қазақта "Көршімен татудың көңілі тоқ" деген сөз бар. Ең бастысы, іргелес елдермен тату болуымыз керек. Бұдан еш ұтылмаймыз. Соңғы күндері көрші елден, яғни Ресейден көптеген адам келе бастады. Көпшілігі қазіргі ахуалға байланысты амалдың жоқтығынан келіп жатыр. Оларға қамқорлық көрсетіп, қауіпсіздігіне мән беруіміз қажет. Бұл – саяси және гуманитарлық мәселе. Осы мәселені мен Үкіметке тапсырдым", - деді Мемлекет басшысы.

 
Президенттің айтуынша, жалпы, осындай күрделі жағдайда біз ең алдымен адамгершілік, сабырлық, ұйымшылдықты танытуымыз керек.
 

Бізде ешқандай дағдарыс жоқ, дүрбелең де жоқ. Үкімет өз жұмысын атқаруы керек", - деп атап өтті Президент.

 
Сонымен қатар, Тоқаев сырттан келген адамдарға көмек көрсетілетінін, бірақ жеңілдіктер берілмейтінін атап өтті. Жұмыстың бәрі заң бойынша, келісімдер бойынша жүргізіледі. 
 
Ол Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіліп, бұл түйткілді еліміздің мүддесіне сай шешілетінін айтты.
 

Тағы да қайталап айтамын, осындай алмағайып кезеңде бізге, ең алдымен, береке-бірлік қажет. Елдің тыныштығын сақтай білсек, тұрақты дами аламыз. Барлық мәселені байыппен талқылап, ақылмен шешуіміз керек... Халқымыздың ең басты күші – бірлік, парасаттылық және төзімділік. Осы құндылықтардан айырылып қалсақ, елімізге үлкен қауіп төнеді", – деді Президент. 

 
Ол мемлекеттердің территориялық тұтастығы міндетті түрде сақталуы керек екенін атап өтті. Бұл – негізгі қағидат. 
 

Мен мұны халықаралық аренада үнемі ашық және анық айтып жүрмін. Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымына барып, ең биік мінберден бұл туралы тағы да мәлімдедім. Бұның бәрі бекер емес. Айналамызда ауқымды соғыс болып жатыр. Біз осыны ескере отырып, ең алдымен, еліміздің қауіпсіздігін ойлауымыз керек", – деді Мемлекет басшысы.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны