27.04.2023, 11:41 80136

Тоқаев этноәлеуметтік шиеленісті жою және мемлекеттік тілді жалпыға бірдей меңгеру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды

Тоқаев этноәлеуметтік шиеленісті жою және мемлекеттік тілді жалпыға бірдей меңгеру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды
Сурет: mail.kazakhtest.kz
Президент Үкіметке жыл соңына дейін ұлттың қалыптасу процесінің қазіргі жай-күйіне талдау жасалған және тиісті өзекті ұсыныстар берілген сараптамалық баяндама әзірлеуді тапсырды

Астана. 27 сәуір. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан халқы Ассамблеясының "Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму" атты XXXII сессиясының отырысы барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев этноәлеуметтік шиеленістің туындау себептерін жою үшін пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды Ақорда.

Сөз сөйлеген Мемлекет басшысы өткен сессияда ол томаға-тұйық тіршілік ететін этникалық аудандар мен кварталдардың пайда болуына жол бермеу мәселесімен айналысуды тапсырғанын еске салды.

Бүгінде кешенді шаралар әзірленіп, алдағы жұмыс жоспары жасалды. Енді оның сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету керек. Бұл өте шетін жұмыс екенін ескеріп, оны қажетті ресурстармен күшейту қажет. Бұл ретте этноәлеуметтік топтардың қоғамға толыққанды кірігуіне кедергі келтіретін аймақтық ерекшеліктерге, мәдени және басқа да факторларға баса мән беру маңызды", - деді Тоқаев.


Ол Ассамблеяның қызметін біртіндеп ұлттың ықпалдастық әлеуетін күшейтуге бағыттау керек екенін атап өтті. Сондай-ақ, оның айтуынша, Ассамблея этномәдени және басқа да қоғамдық бірлестіктердің қызметіне тың серпін беру мәселесіне айрықша назар аударуы қажет. Олар этносаралық коммуникацияның тиімді жолдарын қалыптастыруға тиіс.

Жалпыұлттық азаматтық бірегейлік этникалық ерекшеліктерді жоққа шығармайды. Ол азаматтық қоғамның жаңа моделінің негізін қалыптастыруды көздейді. Қазақстандағы әрбір этностың өз дәстүрін, мәдениеті мен тілін дамытуға мүмкіндігі болды және бола береді. Бұл, шын мәнінде, жалпыұлттық бірегейлігіміздің негізі. Сонымен қатар Қазақстанның барлық азаматы мемлекетіміздің өткеніне, бүгініне және болашағына, ұлтымыздың рәміздеріне және оның мәдени өзегіне қатысы бар екенін сезінуі керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Сонымен қатар, мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру үшін кешенді талдау қажет. Президент Үкіметке жыл соңына дейін ұлттың қалыптасу процесінің қазіргі жай-күйіне талдау жасалған және тиісті өзекті ұсыныстар берілген сараптамалық баяндама әзірлеуді тапсырды.

Ол осы мәселеге қатысты ғылыми зерттеулерге баса назар аудару қажет екенін атап өтті.

Мемлекеттік органдардың ғылыми ұсынымдарға немқұрайлы қарап, көбінесе ескерусіз қалдыруы - бұл, жалпы, мұқият қарастыратын маңызды мәселе. Салалық министрліктерден, Мемлекеттік басқару академиясынан дәл осы саладағы ғылыми-талдау жұмыстарының сапасын және практикалық тиімділігін арттыру жөнінде нақты ұсыныстар күтемін. Бұл - өте маңызды", - деп қосты Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны