Тоқаев Иран Президентін Қазақстанға сапармен келуге шақырды
Тоқаев Самарқанд қаласында өтіп жатқан ШЫҰ-ның саммиті аясында Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисимен кездесу өткізді.
САМАРКАНД. 16 ҚЫРКҮЙЕК - Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқанд қаласында өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті аясында Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисимен кездесу өткізді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Иранмен арадағы ынтымақтастықты жан-жақты нығайтуға бейілді екенін айтып, Ибрахим Раисиді елімізге қарымта сапармен келуге шақырды.
Қазақстан тарапы қысқа мерзімде Иранға жеткізілетін тауарлар тізімін әзірлеген. Сондай-ақ біздің еліміз Иран тарапының да осындай тауарлар тізімін қарастыруға және қолдауға дайын. Бұл екіжақты сауда-саттық көлемін 3 миллиард долларға дейін арттыру жөніндегі мақсатқа қол жеткізуге септігін тигізеді.
Президент маусым айында Тегеранда екі ел басшылары негізін қалаған көлік-транзит дәлізінің табысты дамып келе жатқанына көңілі толатынын жеткізді.
Кездесуде транзиттік жүк тасымалын одан әрі ұлғайту мақсатында "Қазақстан-Түрікменстан-Иран" теміржол тармағының әлеуетін дамытудың маңыздылығы, сондай-ақ Каспий маңы елдерінің порттары арасындағы тұрақты паром қатынасының мүмкіндіктерін пайдалану қажеттігі атап өтілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет саласындағы екіжақты байланыстарды нығайтудың маңызды екеніне тоқталды. Қазақстан екі ел халқы үшін маңызды тарихи тұлғаларға қатысты бірлескен зерттеулер ұйымдастыру жөніндегі Иранның бастамасын қолдады.
Қазақстан Президенті Иранның ШЫҰ-ға толыққанды мүше болуға деген ниетін құптады және Ислам Республикасының аталған ұйымға қосылуы өңірлік өзара іс-әрекетті жандандырып, оның жұмысына тың серпін беретініне сенім білдірді.
Өз кезегінде Иран Президенті елдеріміздің сауда-экономикалық мүмкіндіктері мол екенін, сондай-ақ ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін жеткізді. Ибрахим Раиси қол жеткізілген уағдаластықтардың нәтижелері келешектегі өзара тығыз іс-әрекеттің берік іргетасы болатынына сенім білдірді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.