05.05.2022, 20:29 29831

Тоқаев: Конституциямыз мүлде жаңа сипатқа ие болады

Тоқаев: Конституциямыз мүлде жаңа сипатқа ие болады
НҰР-СҰЛТАН. 5 МАМЫР - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Конституциясына толықтырулар енгізу туралы үндеу жасады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Бұған дейін Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында саяси жаңғыру туралы ауқымды бағдарлама ұсынған болатын. Бұл құжат қоғамда жан-жақты талқыланды. Сарапшылар қауымы және белсенді азаматтар осыған қатысты өз пікірін білдірді. Қалың көпшілік қолдау көрсетті.
 

Жолдауда айтылған бастамалардың негізгі мақсаты – саяси жүйемізді түбірімен өзгерту. Бұл халықтың көп жылғы талап-тілегінен туындап отыр. Азаматтарымыз мемлекетті басқару ісіне қатысуға кең мүмкіндік берілгенін қалайды. Сондай-ақ саяси үдерісті түбегейлі демократияландыру қажет деп санайды. Мұны тиімді жүзеге асыру үшін Ата заңымызға өзгерістер енгізу қажет. Бір сөзбен айтқанда, конституциялық реформа жасау керек", - деді Тоқаев қазақстандықтарға үндеу барысында.

 
Осыған орай Президенттің тапсырмасымен арнаулы жұмыс тобы құрылды. Оған белгілі құқықтанушы ғалымдар, тәжірибелі сарапшылар және құзырлы органдардың өкілдері кірді. Жұмыс тобы Негізгі заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын әзірледі. Оны мұқият зерделеп, Конституциялық кеңеске жолдады. Бұл орган өз қорытындысын ұсынды. Құжат жобасы Ата заң нормаларына сай келеді. 
 

Біз конституциялық реформаның шешуші кезеңіне қадам бастық. Енді Негізгі заңды өзгертуіміз керек. Шын мәнінде, мұның ел тағдыры үшін айрықша мәні бар. Ата заң баптарының үштен бірі өзгереді. Ашығын айтсақ, Конституциямыз мүлде жаңа сипатқа ие болады", - деді Президент.

 
Сол себепті, Президент республикалық референдум өткізу туралы бастама көтерді. Өйткені, мұндай ауқымды өзгеріс бүкіл халықтың шешімімен жүзеге асырылуға тиіс.
 

Барлық дамыған елде плебисцит тікелей халық билігінің айқын көрінісі саналады. Бірақ Қазақстанда демократияның бұл тиімді институтының әлеуеті толыққанды пайдаланылмай отыр. 27 жыл бұрын өткізілген референдумда қазіргі Ата заң қабылданды. Одан кейінгі барлық конституциялық реформа Парламентте мақұлданды. Негізінде, бұл заңды қалыптасқан тәжірибе. Бірақ дамудың жаңа кезеңінде, Жаңа Қазақстанды құру жолында еліміз үшін осындай аса маңызды шешімдерді бүкіл халық болып қабылдауымыз керек. Бұған кәміл сенемін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Сондықтан бүгін Мемлекет басшысы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.
 

Конституциялық түзетулер жобасы бойынша азаматтардың жаппай дауыс беруі біздің демократиялық қағидаттарды берік ұстанатынымызды білдіреді. Алдағы референдум Қазақстанның болашағын айқындайды. Әрбір азаматымыз дауыс беріп, осы тарихи бетбұрысты жасауға өз үлесін қоса алады", - деді Президент.

 
Мемлекет басшысы Конституциялық реформа барлық мемлекеттік модельді кешенді түрде өзгертуге бағытталғанын атап өтті.
 

Түзетулер "суперпрезиденттік" басқару үлгісінен ықпалды Парламенті және есеп беретін Үкіметі бар президенттік республикаға түбегейлі көшуді көздейді. Конституциялық реформа биліктің өкілді тармағын айтарлықтай күшейтеді. Үйлесімді және теңгерімді жүйені нығайтады. Мәслихаттардың ықпалын арттырады", - деді Тоқаев.

 
Оның айтуынша, Мәжіліс пен облыстық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлы-пропорционалды моделі енгізіледі. Бұл қадам сайлаушылардың көзқарастары мен пікірлерін барынша толық қамтуға мүмкіндік береді.
 

Аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың мажоритарлық жүйесінің толықтай енгізілуі өңірлердің тыныс-тіршілігіне азаматтардың ықпал ету мүмкіндігін арттыруға жол ашады. Конституцияның жаңарған нұсқасында Президенттің барлық саяси күштер мен партиялардан дербестігін бекіту көзделген. Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынады. Сондай-ақ құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі", - деді Мемлекет басшысы.

 
Ол атап өткендей, Конституциялық сот құрылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі Ата заңмен айқындалады. Елімізде өлім жазасы мүлде жойылады. Мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалып жатыр. 
 

Алдағы конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын көрсетеді. Құрметті отандастар! Біз бәріміз бір ел болып Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды құрамыз. Әрбір азаматтың құқығы қорғалатын мемлекет боламыз. Бәріне бірдей мүмкіндік береміз. Әркім қарым-қабілетіне сай қоғамнан өз орнын иеленеді. Халықтың ой-санасы жаңғырып, өмір салты өзгереді. Біз мемлекеттік жүйені жетілдіріп, қоғам мен биліктің тиімді диалогын орнатамыз. Осылайша, Екінші Республиканы қалыптастырамыз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Мемлекет басшысы Конституциялық реформа мұның бәрін табысты жүзеге асыру үшін қажет екенін атап өтті.
 

Қазіргі реформаның ерекшелігі – Президенттің өкілеттігін күшейту емес, мемлекетімізді жетілдіру, жаңғырту және нығайту. Мен баршаңызды елдің ертеңі, ұрпақтың келешегі үшін референдумға қатысуға шақырамын! Ұлт мүддесіне сай бастамаларды қолдайсыздар деп сенемін! Еліміздің жарқын болашағы – өз қолымызда! Күшіміз – бірлікте! Бірге болайық! Береке-бірлігімізді нығайтайық!" - деді Президент соңында.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны