20.12.2022, 12:18 19726

Тоқаев мемлекеттердің ТМҰ-мен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту ниетін атап өтті

Қазақстан ұйымның негізін қалаушы елдің бірі ретінде түркі мемлекеттерімен көпжақты ынтымақтастықты дамытуға мүдделі және хатшылықтың жұмысына барынша қолдау көрсетеді
Тоқаев мемлекеттердің ТМҰ-мен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту ниетін атап өтті
Астана. 20 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиевті қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
 
Кездесу барысында Мемлекет басшысы, ең алдымен, Кубанычбек Өмірәлиевті ұйымның Бас хатшысы лауазымына тағайындалуымен құттықтап, алдағы қызметіне табыс тіледі.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ұйымның негізін қалаушы елдің бірі ретінде түркі мемлекеттерімен көпжақты ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екеніне тоқталып, хатшылықтың жұмысына барынша қолдау көрсететінін жеткізді.
 
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде түркі халықтарының ынтымақтастығы мен бірлігін нығайтуға арналған бірегей алаң ретінде Түркі мемлекеттері ұйымының маңызы арта түсті. Халықаралық ұйымдар мен әлемнің көптеген елдері Түркі мемлекеттері ұйымымен сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды күшейтуге ниетті.
 
Президент сондай-ақ ұйым хатшылығының алдында биыл қазан айында Самарқанд қаласындағы саммитте қабылданған маңызды шешімдер мен бастамаларды тиімді жүзеге асыру міндеті тұрғанын айтты.
 
Түркі мемлекеттері ұйымы 2009 жылы құрылды. Ұйымның келесі мерейтойлық 10-шы саммиті 2023 жылы Қазақстанда өтеді.
 
Естеріңізге сала кетейік, 11 қарашада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан және Қазақстан делегациялары қатысты. Іс-шара барысында Мемлекет басшылары ТМҰ шеңберіндегі сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын қарастырып, екіжақты кездесулер өткізді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны