29.04.2022, 18:49 44506

Тоқаев: патриотизмнің жоғары құндылықтарын ұлтаралық артықшылық сезімімен алмастыруға жол берілмейді

Тоқаев: патриотизмнің жоғары құндылықтарын ұлтаралық артықшылық сезімімен алмастыруға жол берілмейді
НҰР-СҰЛТАН. 29 СӘУІР - Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының "Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі" атты XXXI сессиясының жұмысына қатысты, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Ассамблея сессиясын Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өткізу игі дәстүрге айналғанын және мұның зор символдық мәні бар екенін атап өтті.
 

Бірлік, татулық және бейбітшілік – біздің мызғымас құндылықтарымыз. Оның айрықша маңызды екенін қаңтар оқиғалары кезінде айқын сезіндік. Қазір қатерлі күндер артта қалды. Сол кезде қандай қауіппен бетпе-бет келгенімізді уақыт өткен сайын ұғына түсеміз. Шын мәнінде, біз мемлекеттілігімізді жоғалтып ала жаздадық. Халқымыз қаңтар қасіретінен сабақ ала білуі керек. Енді ондай жағдай қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз", – деді Президент.

 
Мемлекет басшысы жаңа сын-қатерлердың туындауына ықпал ететін геосаяси ахуалдың ушығып тұрғанына тоқталды. Оның пікірінше, мұндай жағдайда еліміздің азаматтық бірегейлігін нығайтып, отаншылдық рухты көтеруге баса мән беру керек.
 

"Бірлігіміз – әралуандықта" деген басты қағидатымыз ешқашан өзгермейді. Біз жас ұрпақты нағыз отаншыл азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Осы ретте саяси және қоғамдық плюрализмнің радикалды сипат алуына жол берілмейді. Әсіресе, азаматтарды кемсітуге, олардың ары мен намысын таптауға болмайды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Президенттің пікірінше, Ассамблея құрылған уақыттан бері азаматтық бірлікті нығайтуға елеулі еңбек сіңірді. 
 

Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа жағдайда біздің бейбітшілік пен келісім жөніндегі саясатымыздың берік әрі институционалды тірегі қызметін атқаратынына сенімдімін. Бүгінгі сессияның міндеті – Ассамблеяның саяси жүйені реформалау ісіндегі орны мен рөлін анықтау, оны әрі қарай дамытудың бағытын белгілеу. "Біз әртүрліміз – біз теңбіз" қағидаты саяси жаңғырудың іргелі компоненті деген пікірді ұстанамыз", – деді Мемлекет басшысы.

 
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің үш негізқұраушы басымдығын айқындап берді. Біріншісі – саяси реформаларды жүзеге асыру ісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін күшейту.
 

Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасының жойылуы демократиялық сайлау стандарттарының сақталуына қатысты бірқатар мәселенің күн тәртібінен алынуына септігін тигізеді. Осы ретте Ассамблеядан ұсынылған сенаторлар жалпыұлттық интеграция мен этномәдени әралуандылық негізінде Қазақстандағы этникалық топтардың барлық мүддесін тиімді қарастыратын болады. Мұндай модель Қазақстанның парламенттік жүйесінің халықаралық тәжірибесі мен ерекшелігіне сай келеді", – деді Президент.

 
Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясынан Сенат депутаттығына ұсынылатын үміткерлерді таңдаудың тиімді әрі ашық рәсімдерін әзірлеу қажет екенін атап өтті. Бұл мәселенің бәрі "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" жаңартылған заңда көрініс табуға тиіс.
 

Партиялық және сайлау жүйелерінің реформасы барлық азаматтың сайлау үдерістеріне қатысуы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Іс жүзінде тұтас сайлау ландшафтын қамтитын жаңа партиялар пайда болады деп болжануда. Партиялық тізім, сондай-ақ бірмандатты округтар бойынша үміткерлерді сайлау Қазақстанның этникалық әралуандығын шынайы түрде көрсетеді. Сонымен қатар этносаралық факторды саясиландыруға және бұл тақырып бойынша арандатушылық сипаттағы талқылауларға да мүлде жол беруге болмайды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Президент бұл бағытта Ассамблея тарапынан түсіндіру жұмыстары кең көлемде жүргізілуі қажет деп санайды.
 

Елімізде тұратын барлық этнос өкілдерінің жалпыазаматтық құндылықтарды құрметтеуі және өздерін Қазақстанмен байланыстыруы аса маңызды. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы біздің үлкен жетістігіміз. Оны жан-жақты нығайтуға міндеттіміз. Жаңа саяси жағдайда бейбітшілік пен келісімді және халықтың бірлігін аса маңызды санайтын азаматтардың партия ішіндегі дауысына басымдық беріледі", – деді Мемлекет басшысы.

 
Ақпараттық жұмыстарды күшейту және Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы әлеуетін арттыру мәселесі екінші басымдық ретінде аталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, еліміздің әрбір азаматы жұртшылықтың алдына шыққанда ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизм қағидаттарын басшылыққа алуы керек. Бұл – аса маңызды.
 

Болған және болатын сыртқы қақтығыстар азаматтарымыздың арасында ұлтаралық жанжал тудырып, жікке бөлінуге пайдаланылмауы керек. Оған жол беруге болмайды. Мұндай арандатушылықтар болып жатыр. Оны көріп отырмыз. Бірақ арандатушылар қайда тұрса да, қандай құжаттармен тұлғасын жасырса да, қалай құбылса да біздің бірлігімізге нұқсан келтіріп, мемлекетіміздің дербес саясат жүргізу құқығын бұза алмайды. Бейбітшілік пен тұтастық – басты құндылығымыз, онсыз болашақ жоқ екенін бәрі есте ұстауы керек. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ, болмайды да", – деді Президент.

 
Мемлекет басшысы біздің алуантүрлі мәдениетімізді танытатын бірегей ақпаратты кеңінен таратуға, ауқымы кеңейіп келе жатқан қазақтілді аудиториямен тығыз жұмыс істеуге шақырды. Оның пікірінше, Қазақстанның дамуына өзге этностардың қосып жатқан үлесі туралы мемлекеттік тілде айту өте маңызды. Осы бағытта жұмыс істейтін БАҚ-қа қолдау көрсетіледі.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев келесі айда жаңа диалог алаңы – "Ұлттық құрылтайдың" алғашқы отырысы өтетінін хабарлады. Бұл жиын елімізді дамытудың өзекті мәселелерін талқылау үшін қоғамды жұмылдыруға бағытталған.
 

Бұл жалпыұлттық диалогтың әмбебап моделіне айналады. Құрылтайдың құрамына депутаттар, ҚХА мүшелері, сарапшылар мен құқық қорғаушылар, барлық өңірдің, сондай-ақ Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестердің, бейресми ұйымдардың, бизнес қауымдастықтар мен өндіріс саласының өкілдері кіреді. Ассамблея Ұлттық құрылтаймен бірлесіп, тиімді жұмыс істеуі керек. Себебі, түптеп келгенде, екеуінің мақсаты – ортақ. Ауқымды өзгерістерге жастардың да белсене қатысқаны абзал. Кеше тұңғыш рет Қазақстан халқы Ассамблеясының Жастар сессиясы өтті. Оның ұсынымдарын мұқият зерделеу қажет", – деді Мемлекет басшысы.

 
Үшінші басымдық – құқық қорғау қызметін күшейту. Осы бағытта Ассамблея медиацияға негізделген кәсіби келіссөз жүргізушілердің бірегей институтын қалыптастыруға кірісті.
 

Этномедиация оқу орталығын құру керек. Онда тұрақты оқу курстарын ұйымдастырып, аудандық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігі даярлықтан өтуге тиіс. Ақпарат және қоғамдық даму, Білім және ғылым министрліктеріне Мемлекеттік басқару академиясымен, ҚХА Хатшылығымен және басқа да уәкілетті органдармен бірлесіп, осы мәселе жөнінде жүйелі ұсыныстар енгізуді тапсырамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Президент Қазақстан қоғамның барлық саласы батыл өзгерістер жолына түскенін атап өтті. Осыған байланысты Конституцияға елдің саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін толықтырулар енгізу туралы бастама көтерілді.
 

Біз жаңа мемлекеттік модельге, мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа форматына көшеміз. Бұл сапалы түрде өзгеруді Екінші Республика деп атауға болады. Жұмыс тобы Ата Заңның 33 бабына түзетулер әзірледі. Бұл – тұтас Конституцияның үштен бір бөлігі. Осы өзгерістерді енгізу туралы заң жобасы Конституциялық кеңестің қарауына жіберілді, жақын арада шешімін шығарады", – деді Президент.

 
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев әзірленген түзетулердің тарихи маңызы бар деп есептейді. Бұл мемлекеттілігімізді дамытудың жаңа кезеңін білдіреді.
 

Осы реформалар қолға алынған кезде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едік. Бұл – қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі. Алайда, алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын. Референдум – аса маңызды демократиялық институт. Алайда Қазақстанда ол соңғы рет 1995 жылы қазіргі қолданыстағы Конституция бекітілген кезде өткізілді. Одан кейін "Республикалық референдум туралы" Конституциялық заң қабылданды. Бірақ содан бері Конституцияға төрт рет өзгертулер енгізілгеніне қарамастан, ол іс жүзінде қолданылған жоқ. Конституцияны жалпыхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту халық қалауының айқын көрінісі болады деп есептеймін. Референдум әрбір азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік береді және жан-жақты демократияландыру мен Жаңа Қазақстанды құру жолындағы бағытымызды нығайтады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Президент Жаңа Қазақстан дегеніміз, шын мәнінде, Әділетті Қазақстан екеніне тағы да тоқталды.
 

Жаңа Қазақстан – қарқынды түрде өзгеріп жатқан әлемде ұлттық бірегейлігімізді нығайтудың жолы. Жаңа Қазақстан ұғымын сан-саққа жүгіртіп, бұрмалауға болмайды. Азаматтардың бәрін ортақ іске жұмылдырмайынша, мемлекеттік аппарат та, қандай да бір саяси шешімдер мен экономикалық тетіктер де елімізді жаңартуға қауқарсыз. Жаңа Қазақстанды құру үшін жеке және қоғамдық құндылықтар жүйесін толығымен реформалау қажет. Біз непотизм мен патернализмге, сыбайлас жемқорлық пен компрадоризмге түбегейлі тосқауыл қоямыз. Жаңа Қазақстан әділдіктің территориясына айналуы керек. Ол үшін тек заңның әріптерін ғана емес, рухын да ұстану қажет. Заңдар догма емес, ол азаматтардың өзекті мәселелерін шешу үшін жетілдіріліп отыруға тиіс. Заң, әділдік және тәртіп біздің бақуатты өмірімізді айқындайтын нақты факторларға айналады", – деді Мемлекет басшысы.

 
Қасым-Жомарт Тоқаев диалог мәдениетін қалыптастыру және қоғамда өзара түсіністік пен сенімді нығайту қажет екеніне арнайы тоқталды. Мұның бәрі елдің жарқын болашағы мен халықтың әл-ауқаты үшін қажет.
 

Біз көзқарастарымыз бен наным-сенімдеріміздегі айырмашылықтарға қарамастан, бір-бірімізді түсінуге және құрметтеуге тиіспіз. Бізді біріктіретін, күшейтетін, үйлестіретін ортақ құндылықтарға ұмтылуымыз қажет. Біздің "Әртүрлі көзқарас біртұтас ұлт" деген қағидамыз мызғымайды. Патриотизмнің жоғары құндылықтарын ұлтаралық артықшылық сезімімен алмастыруға, достық пен бірліктің орнына бір-біріне деген өшпенділікке жол берілмейді", – деді Президент.

 
Мемлекет басшысы төзбеушілік пен "өзіміз және өзгелер" деп бөлінудің кез келген көрінісінің қатаң түрде жолын кесуге шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы өзінің бірлігін сақтауға, нығайтуға тиіс. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана Жаңа Қазақстанды құра аламыз деп есептейді.
 

Біз барлық жоспарымызды міндетті түрде жүзеге асырамыз. Мен бұған кәміл сенемін. Біз Екінші Республиканы бірге құрамыз, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетеміз! Әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін әділ әрі дамыған мемлекет боламыз! Сөз соңында сіздерді алда келе жатқан Қазақстан халқының бірлігі күнімен және Ораза айт мерекесімен құттықтаймын!", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны