05.04.2021, 17:53 14810

Тоқаев ҚР Президентінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілін тағайындады

НҰР-СҰЛТАН. 5 СӘУІР - Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ержан Қазыханов Қазақстан Республикасы Президентінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі болып тағайындалды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Ержан Хозеұлы Қазыханов Қазақстан Республикасы Президентінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі лауазымына тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымынан босатылсын", — делінген ҚР Президентінің Жарлығының мәтінінде.

 
Жарлықпен ҚР Президентінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі туралы ереже, сондай-ақ ҚР Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілді.
 
Ақорда сайтында жарияланған ережеге сәйкес арнайы өкілдің негізгі міндеттері мен функциялары мыналар болып табылады:
 
- саяси, экономикалық, гуманитарлық және экологиялық салаларда халықаралық байланыстарды жолға қою;
 
- Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының негізгі бағыттары мен Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларын ілгерілетуді қамтамасыз ету.
 
Арнайы өкіл заңнамада белгіленген тәртіппен мынадай функцияларды жүзеге асырады:
 
1) ҚР Президентіне сыртқы саясатты және халықаралық ынтымақтастықты дамыту, ҚР Президентінің халықаралық бастамаларын іске асыру жөнінде ұсыныстар енгізеді; 
 
2) өз құзыреті шегінде шет елдердің саяси және қоғам қайраткерлерімен, іскерлік топтарының және халықаралық ұйымдардың өкілдерімен келіссөздер ұйымдастырады және жүргізеді, сауда-экономикалық, инвестициялық, технологиялық және басқа да салалардағы басым жобаларды ілгерілетуге қатысады;
 
3) ҚР сыртқы саясаты тұжырымдамасының жобасын дайындауға және оны кейіннен іске асыруға қатысады;
 
4) ҚР сыртқы саясаты бөлігінде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауының жобасын дайындауға қатысады; 
 
5) әлемдік даму процестеріне, сондай-ақ халықаралық қатынастардың өзекті проблемаларына мониторингті, талдауды және болжауды жүзеге асырады және Қазақстан Республикасының Президентіне оның сыртқы саяси өкілеттіктерін іске асыру жөнінде ұсынымдар тұжырымдайды;
 
6) Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасарымен келісе отырып, ҚР Президентінің шет елдердің мемлекеттік органдарымен және олардың лауазымды тұлғаларымен, шетелдік саяси және қоғам қайраткерлерімен, халықаралық және шетелдік ұйымдармен өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге жәрдемдеседі;
 
7) Қазақстан Республикасы Президентінің шетелдік сапарларының және шет мемлекеттер басшыларының Қазақстан Республикасына сапарларының мазмұндық бөлігін, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттары мен компаниялардың басшылығымен кездесулерін дайындауға жәрдемдеседі;
 
8) шетелдік инвестицияларды, озық тәжірибе мен технологияларды тартуға, отандық өнімнің экспортын әлемдік нарықтарға ілгерілетуге жәрдемдеседі;
 
9) ҚР сыртқы саясатының негізгі бағыттары мен ҚР Президентінің бастамаларын ілгерілету мақсатында халықаралық сарапшылардың пулын қалыптастырады және өзара іс-қимыл жасайды;
 
10) ҚР Президентінің саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы реформаларын шетелде танымал етеді және түсіндіреді, қажет болған жағдайда ҚР Президенті жанындағы кеңесші және консультативтік органдардың жұмысына қатысады;
 
11) ҚР Президентінің шешімі бойынша сыртқы саясат пен халықаралық ынтымақтастықтың түрлі өзекті бағыттары бойынша арнайы миссияларды жүзеге асырады;
 
12) Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасарымен келісе отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен оларды Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізу үшін сыртқы саясат саласындағы заң жобаларын дайындауға қатысады;
 
13) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын орындайды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны