16.03.2022, 18:19 54401

Тоқаев: шектен тыс бюрократиялануды жүйелі түрде жойып отыру қажет

Тоқаев: шектен тыс бюрократиялануды жүйелі түрде жойып отыру қажет
Сурет: Depositphotos
НҰР-СҰЛТАН. 16 НАУРЫЗ - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппараттың шектен тыс бюрократизациясын жоюды тапсырды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Алмағайып өзгерістер жағдайында мемлекеттік аппарат ахуалға тез бейімделіп, барынша үйлесімді әрекет етуге тиіс. Шешімді жайбасарлықпен қабылдауға, шенеуніктік формализмге жол берілмейді. Қазір толықтай жұмылуымыз қажет. Бизнес өкілдерінің және азаматтардың нақты сұранысы негізінде шешімдер әрі кеткенде үш күн ішінде, тіпті, қажет болса бір тәулікте қабылдануға тиіс", - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

 
Ол Үкімет жанынан құрылған Жедел штаб ақпаратқа сол сәтте талдау жасайтын, сондай-ақ нақты шұғыл шаралар әзірлейтін Ахуалдық орталық сияқты жұмыс істеуі керек екенін атап өтті.
 

Еліміздің дамуын мейлінше тежейтін шектен тыс бюрократиялануды жүйелі түрде жойып отыру қажет. Оның ауқымы ұлғайғаны соншалық, көптеген мемлекеттік құрылымдар өзін тек сонымен ғана байланыстырады. Жақын уақытта мен Мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту туралы жарлыққа қол қоямын. Бұл құжат мемлекеттік органдардағы ішкі рәсімдерді түбегейлі қайта қарап, заң шығару және бюджет үдерістерін оңтайландырудың бастауына айналады", - деді Мемлекет басшысы.

 
Сонымен қатар, оның айтуынша, саяси жаңғыру стратегиясын ескере отырып, экономика мен мемлекеттік басқару ісіндегі жаңа құрылымдық реформалар топтамасын әзірлеуге жедел кіріскен жөн. 
 

Жаңа Қазақстанның іргетасы саяси және экономикалық реформалардың үйлесімді байланысы негізінде қалануға тиіс. Бұл біздің елімізді дәйекті түрде ілгері дамытуды және азаматтардың тұрмыс деңгейін арттыруды қамтамасыз етеді", - деп атап өтті Тоқаев.

 
Президент атап өткендей, оның бүгінгі бастамалары өте ауқымды. Бұл бастамалар еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын едәуір өзгертеді. Оны жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажет. Сондай-ақ жылдың соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылдау керек. 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны