30.11.2021, 19:36 16953

Тоқаев Швейцария Президентімен келіссөздер жүргізді

Женева қаласындағы Әулие Петрдің Кафедралды соборының алдында өткен ресми кездесуден кейін екі елдің басшылары келіссөз жүргізді.
Тоқаев Швейцария Президентімен келіссөздер жүргізді

ЖЕНЕВА. 30 ҚАРАША - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцария Президенті Ги Пармеленмен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Женева қаласындағы Әулие Петрдің Кафедралды соборының алдында өткен ресми кездесуден кейін екі елдің басшылары келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ги Пармелен бір-біріне ресми делегациялардың мүшелерін таныстырды. Содан кейін екі елдің әнұрандары шырқалды. Президенттер Швейцарияның туына құрмет көрсетіп, Құрмет қарауылын бойлай өтті. Салтанатты рәсімнен кейін мемлекеттер басшылары шағын және кеңейтілген құрамда кездесулер өткізді.

Өзара сенім жағдайында өткен кездесуде мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Швейцария арасындағы саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, қаржы салаларындағы көпжоспарлы ынтымақтастықтың ахуалы мен перспективаларын жан-жақты талқылады.

Бұдан бөлек екі ел басшылары Бреттон-Вуд институттары, халықаралық ұйымдар аясындағы өзара ықпалдастықты қарастырып, аймақтық күн тәртібіндегі мәселелерді, оның ішінде Ауғанстандағы жағдай мен осы елге гуманитарлық көмек көрсету мәселесін сөз етті. Сонымен қатар пандемияға және климаттың өзгеруіне қарсы күреске, Орталық Азиядағы су дипломатиясына қатысты өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ги Пармелен саяси және экономикалық байланыстардың оң қарқынын атап өтіп, екіжақты байланыстардың барлық бағыты бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екендерін білдірді.

Мемлекет басшысы Швейцариямен жан-жақты қатынастарды дамытуға баса мән беретінін және осы елді Қазақстанның Еуропадағы маңызды саяси әрі экономикалық әріптесі санайтынын айтты.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Ги Пармеленға Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформалар жөнінде айтты.

Екі ел басшылары ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, машина жасау, фармацевтикалық өнеркәсіп және "жасыл" жобалар саларындағы бірлескен жұмыстарды атқару үшін мемлекеттеріміздің әлеуеті зор екенін айтты.

Келіссөз қорытындысы бойынша мемлекеттер басшыларының қатысуымен бірқатар үкіметаралық және коммерциялық келісімге қол қойылды.

1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Конфедерациясы Федералдық Кеңесі арасындағы бағалы металдардан жасалған бұйымдардағы сынамалық таңбаны өзара мойындау жөніндегі келісім;

2. 1994 жылғы 12 мамырда Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасында қол қойылған сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі келісім хаттамасы (Сауда қызметтерін ішкі реттеу қағидалары);

3. "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ мен "Stadler CIS AG" компаниясы арасындағы стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі келісім.

Сонымен қатар, келіссөздер аяқталған соң Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Швейцария Президенті Ги Пармелен белгілі дипломат және саяхатшы Анри Мозердің бірегей экспонаттар топтамасындағы керемет жәдігерлердің бірі – қазақтың барқыттан жасалған тұскілемін бірге тамашалады.

Аталған жәдігерді қазақ сұлтаны Баймұхаммед XIX ғасырда швейцариялық дипломатқа тарту еткен. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында аталған жәдігер екі ел арасындағы мәдени байланыстардың ерекше символына айналды.

Анри Мозердің топтамасында тұскілемдер, ұлттық қарудың түрлері: айбалталар, қылыштар, қанжарлар, сондай-ақ ат әбзелдері және басқа да бұйымдар бар. Қазақ даласының билеушілері аталған жәдігерлерді зерттеушіге сыйлық ретінде берген және олар Швейцарияға жеткізілген.

Экспонаттардың ішінде тұскілемдердің алатын орны ерекше. Олар қазақ халқының көркем туындысы ғана емес, сонымен қатар Қазақ хандығының тарихын ғылыми тұрғыда зерттеу үшін құнды материал болып табылады.

Мемлекет басшысы тұскілемнің бірегейлігін және оның тарихи құндылығын атап өтіп, аталған өнер туындысының Қазақстанда да көрмеге қойылатынына үміттенетінін айтты.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны