Үй құрылысына бөлінген 50 мың учаскеге коммуникациялық желілер жүргізіледі
Үй құрылысына арналған жер телімдеріне коммуникациялық желілер жүргізу үшін 54 млрд теңге бөлінді.
Сурет: drogichin.by
"Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында ағымдағы жылы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы бойынша 375 жоба жүзеге асырылмақ. Аталған жоба болашақ тұрғын үй құрылысын жүргізуге бағытталған. Ол үшін қазынадан 119 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 54 млрд теңгені құрайтын 180 жоба жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге арналған 50 257 жер теліміне коммуникациялық желілер жүргізуге арналған жобалар санатында", – деп атап өтті Еркебұлан Дауылбаев.
Ол бүгінде осы тарапта Қостанай облысында 12 жоба жүзеге асырылып жатқанын айтты. Бұл – қаладағы жеке тұрғын үй салуға арналған 1 252 жер теліміне қажетті желілер жүргізуді қамтамасыз етуге арналған.
Сонымен қатар, вице-министр жеке тұрғын үй құрылысын салуға арналған алаңдарды тиісті желілермен қамту жұмыстары еліміздің өзге де қалаларында іске асыру көзделіп отырғандығын жеткізді. Ал ауылдық елдімекен аумағында орналасқан жер телімдерін коммуникациялық желілермен қамтамасыз ету әзірге қарастырылмаған.
Сондай-ақ, Еркебұлан Дауылбаев жиында Мемлекет басшысының тапсырмасына орай іске қосылған жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялау бағдарламасы турасында да баяндады.
Соңғы 6 айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын және баспана кезегінде тұрған азаматтарға жеке тұрғын үй қорынан жалға беру механизмі енгізілді. 2022 жылғы 18 сәуірден бастап цифрлық платформа арқылы өтінім қабылдау басталғаны белгілі. Күні бүгінге дейін келіп түскен 23 мыңға жуық өтінімнің 5 768-і мақұлданды", – деді вице-министр.
Сонымен қатар, ол мемлекеттік қолдауға төрт санат бойынша баспана кезегінде тұрған қазақстандықтар өтініш бере алатындығын атап айтты. Олардың қатарына бірінші және екінші топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар мен көпбалалы отбасылар кіреді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.