23.10.2024, 15:48 1581

ҚазМұнайГаз бен CNOOC геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу туралы келісімге қол қойды

ҚазМұнайГаз бен CNOOC геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды ҚазМұнайГаздың баспасөз қызметінен.

Астанада "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов China National Offshore Oil Corporation International Limited (CNOOC) Директорлар кеңесінің төрағасы Ван Дунцзинмен кездесті.

Келіссөз барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылап, геологиялық барлау саласындағы алдағы жоспарларды бекітті.

Сондай-ақ кездесуде жаңа "Жылыой" жер қойнауын пайдалану жобасы бойынша негізгі ынтымақтастық шарттарын айқындайтын құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда, қос компания жер қойнауы учаскесінде келесі жұмыстарды орындауға келісті:

2D (400 бойлық км өңдеу және талдау) және 3D (дала жұмыстары, 400 шаршы км өңдеу және талдау) сейсмикалық барлау;

2000 м тереңдікте бір тұзүсті барлау ұңғымасын бұрғылау (тәуелсіз кезең);

3D сейсмикалық барлау деректерінің нәтижелеріне қарай тереңдігі 4500 м бір тұзасты барлау ұңғымасын (тәуелді кезең) бұрғылау.

ҚМГ-ның алдын ала бағалауы бойынша жер қойнауы учаскесінің геологиялық ресурстық әлеуеті 185 миллион тоннадан астам мұнайды құрауы мүмкін.

Негізгі ынтымақтастық шарттарына қол қою рәсімі CNOOC компаниясының аталған жобаны бірлесіп іске асыруға деген қызығушылығын растай түседі. Бұл қадам компаниялар үшін көмірсутектерді іздеу бағытында жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.

ҚМГ басшысы жобаның Қазақстан үшін маңызына тоқталды:

Әлемдегі жетекші энергетикалық компаниялардың бірімен орнатқан бұл серіктестік Қазақстанның мұнай-газ секторының дамуына жаңа серпін беретініне сенімдіміз. Сонымен қатар елімізге тартылатын шетелдік инвестициялардың көлемі артады. Өйткені барлау кезеңі CNOOC есебінен қаржыландырылады", - деп атап өтті А.Хасенов.


Еске сала кетсек, 2024 жылдың тамыз айында Бейжіңде ҚМГ мен CNOOC геологиялық барлау саласында ынтымақтастық орнату ниеті туралы келісімге қол қойды. Осылайша, компаниялар аталған бағытта бірлесіп жұмыс істеуге қызығушылық танытқан болатын.

China National Offshore Oil Corporation (CNOOC) - барлау мен өндірумен айналысатын мұнай-газ саласындағы әлемдік көшбасшы компаниялардың бірі. Ол халықаралық серіктестермен белсенді ынтымақтастық орнатып, 20-дан астам елде ірі жобаларды іске асыруға атсалысады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны