09.03.2022, 18:08 30881

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды
НҰР-СҰЛТАН. 9 НАУРЫЗ - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1,00 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 13,50% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Тиісінше өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 14,50%, ал өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 12,50% болады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Қазақстан Ұлттық Банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мөлшерлемені өзгеріссіз қалдыру туралы шешім оның ағымдағы деңгейі Ұлттық Банктің геосаяси тәуекелдерді және инфляциялық процестердің жеделдеу тәуекелін арттыруға ықпал ететініне орай негізделді. Бұл ретте сыртқы және ішкі макроэкономикалық ахуал бұдан былай да нашарлаған жағдайда монетарлық талаптарды одан әрі күшейту үшін кеңістік қалады. Ұлттық Банк макроэкономикалық жағдайдың және Қазақстан қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету шараларын қабылдауды жалғастырады", - деп Ұлттық банктің баспасөз қызметінен хабарлады.


Инфляцияның барлық құрамдас бөліктері бойынша бағалардың өсуі аясында 2022 жылғы ақпанда жылдық инфляция 8,7%-ға дейін (2022 жылғы қаңтарда – 8,5%) көтерілді.

Азық-түлік тауарларының бағасы нан-тоқаш өнімдері мен жарма, көкөністердің қымбаттауына байланысты 10%-ға (осы жылғы қаңтардағы 9,9%-дан) көтерілді. Азық-түлікке жатпайтын инфляция 8,6%-ға дейін (8,5%) ұлғайды. Тұрмыстық техника, жиһаз бен тұрмыста қолданылатын тауарлар бағасының жоғары өсімі сақталып отыр. Бензин мен дизель отыны бағаларын уақытша реттеу жағдайында жанар-жағармай (ЖЖМ) нарығында дезинфляция байқалады. Алайда ЖЖМ бағасының өсуі жылдық көрсетуде әлі де болса жоғары мәндерде (22,1%) сақталып қалды", - деп хабарлайды Ұлттық Банк.


Жаһандық экономика геосаяси тәуекелдердің қысымына ұшырап отыр. Осыған байланысты биыл және келесі жылы әлемдік экономика бұрын болжанғаннан барынша төмен қарқынмен өседі деп күтіледі.

Сыртқы нарықтардағы жағдай баға өсуімен сипатталады. Энергия тасымалының, металл мен ауылшаруашылық өнімдерінің бағасы күрт өсуіне байланысты жаһандық инфляцияның бұрын болжанғаннан жоғары мәндерде ұзақ уақытқа қалу ықтималы жоғары", - деп қосты баспасөз қызметі.


Сауда әріптес елдеріндегі күрт өзгеріп жатқан геосаяси және сыртқы экономикалық жағдай мен бұрын-соңды болмаған белгісіздік деңгейі болжамдарды толыққанды дайындау мүмкіндіктерін едәуір қиындатып отыр. Осыған байланысты Ұлттық Банктің болжамдары сараптамалық бағалаумен толықтырылды және негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің ықтимал бағытын сапалы бағалау үшін қалыптастырылды. 

Ұлттық Банктің бағалауы бойынша, инфляция алдыңғы болжамдардан жоғары болып қалыптасатын болады. Геосаяси дағдарысқа байланысты Қазақстан экономикасы өсуінің бұрын болжанғаннан да төмен бағыты күтілуде. Экономиканың өсу қарқынына шикізат тауарларына жоғары бағалар, бюджет шығыстарының әлеуетті өсуі, сондай-ақ эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы ықпал етеді.

Базалық мөлшерлеме бойынша бұдан былайғы шешімдер инфляция серпініне және инфляциялық күтулерге, геосаяси жағдайдың дамуына және оған қаржы нарықтарының ықпал етуіне байланысты болады. Ұлттық Банк инфляцияны нысаналы мәндерге қайтару үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды жалғастырады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2022 жылы 25 сәуірде Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 15:00-де жарияланады.


 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны