06.02.2025, 17:43 4821

Алматы облысының әкімі Балқаш ауданына жұмыс сапарымен барды

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен Балқаш ауданына қарасты Бақбақты ауылына барып, тұрғындармен кездесті. Жиында өзекті мәселелер талқыланып, негізгі тақырып ауыл шаруашылығын дамытуға арналды, деп хабарлайды Алматы облысының әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Ауданда 100 мыңнан астам ірі қара, 30 мың жылқы, сондай-ақ 30 мың қой-ешкі бар. Мал азығы жеткілікті көлемде дайындалғанымен, фермерлер су тапшылығына байланысты қиындықтарға тап болуда. Бұл егіс алқаптарын кеңейтуге кедергі келтіріп, кейбір дақылдардың өнімділігін төмендетуде.

Марат Сұлтанғазиев жауапты мемлекеттік органдарға аграршылармен тығыз жұмыс істеп, мемлекеттік қолдау мүмкіндіктері туралы кеңінен түсіндіруді және суды үнемдеу технологияларын енгізуді тапсырды. Сондай-ақ, жиында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық мәселелері қаралды.

Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берді. Жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,4 млрд теңгені, ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнімі 42 млрд теңгені, инвестиция көлемі 9 млрд теңгені құрады. Бақанас ауылында "БиоКарбон" зауыты іске қосылды. 1,6 мың тонна тыңайтқыш сатып алынып, суару жұмыстары жүргізілуде. "Ауыл аманаты" бағдарламасы аясында 133 тұрғынға жеңілдетілген несие беріліп, айналымға 20 мың гектар пайдаланылмаған жер қайтарылды.

Бір ауыл - бір кәсіп" жобасы аясында 37 жаңа нысан ашылып, 100 адам жұмыспен қамтылды. 40 пәтерлі тұрғын үй құрылысы аяқталып, жастар ресурстық орталығы ашылды, әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін 35 пәтер сатып алынды.


1 100 үйге газ тартылып, 20 елді мекен орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, су құбырларын қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда.

Денсаулық сақтау саласында фельдшерлік-акушерлік пункттер, медициналық амбулаториялар мен дәрігерлік кабинеттердің құрылысы жүргізілуде. Білім беру жүйесінде үш ауысымды оқыту мәселесі шешілгенімен, бірнеше мектепке күрделі жөндеу қажет. Салаға 23 педагог тартылып, олардың 9-ына тұрғын үймен қамтамасыз ету қажет.

Кездесу барысында тұрғындар әлеуметтік нысандар құрылысы, жолдардың жай-күйі және сумен жабдықтау мәселелерін көтерді. Облыс әкімі судың тапшылығы ауданның дамуына тікелей әсер ететін басты мәселе екенін атап өтіп, оны шешу негізгі басымдық болатынын жеткізді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны