Қытайлық компания Қазақстанда адам тәрізді роботтар шығаратын болады
AI мен робототехниканы біріктіру саласындағы көшбасшы AgiBot компаниясы Қазақстанда роботтар өндірісі мен AI шешімдерін енгізу кәсіпорнын құрады, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметінен.
Бастама туралы келісімге Қазақстан Республикасының Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, AgiBot, ewpartners, "Qazaqstan Investment Corporation" АҚ компанияларының басшылығы арасында Digital Almaty 2025 жыл сайынғы форумында қол қойылды. Әріптестік аясында AgiBot компаниясы Қазақстанда роботтар мен жасанды интеллект шешімдерін өндіру және енгізу бойынша бірлескен кәсіпорын құруды жоспарлап отыр.
2023 жылдың ақпанында негізі қаланған AgiBot компаниясы әмбебап адам тәрізді роботтарды әзірлеу және өндірумен айналысады. AgiBot жасанды интеллект пен робототехника саласындағы технологияларды белсенді дамытып, роботтарды өнеркәсіптен бастап тұрмыстық міндеттерге дейін кең ауқымды қолдану үшін әзірлейді. 2024 жылдың желтоқсанында Шанхайдағы AgiBot кәсіпорнында шығарылған роботтардың саны 1000 бірлікке жетті.
Айта кеткен жөн, Қазақстан өңірдегі алғашқы өндіріс локализациясы және әрі қарайғы әзірлемелерді экспорттау елі ретінде қарастырылуда. Әріптестік аясында AgiBot компаниясы Қазақстан Республикасының Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, роботтар мен роботтандырылған жүйелерді оқытуға арналған "деректер фабрикасын" іске қосады деп күтілуде.
AgiBot сияқты озық компаниямен серіктестік - робот жасау саласын дамыту тарихындағы маңызды кезең. Әсіресе, біздің әріптестігіміз Қазақстан аумағында роботтар өндірісін локализациялауды көздейтінін ерекше атап өткім келеді. Бұл бізге машина жасау саласындағы ең перспективалы бағыттардың бірінде кәсіпорын ашумен қатар, сараптамалық тәжірибені арттыруға және робототехника саласындағы отандық құзыреттілік орталығын құруға мүмкіндік береді", - деп атап өтті Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
Бірлескен бастамаларды қаржыландыруға ewpartners жеке инвестициялық қоры және "Qazaqstan Investment Corporation" АҚ қатысады деп жоспарлануда.
Жақын арада Alem AI халықаралық жасанды интеллект орталығында AgiBot роботтарының тәжірибелік үлгілерін көрсететін көрме мен бірлескен ҒЗТКЖ (R&D) орталығы ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар, компания қазақстандық университеттермен ынтымақтастық орнатып, бірлескен ғылыми жобалар әзірлеу және студенттерді робот жинауға оқыту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.
Анықтама:
Qazaqstan Investment Corporation" АҚ - 2007 жылы құрылған тікелей инвестициялар қорлары қоры. Негізгі миссиясы - Қазақстанның тұрақты экономикалық дамуына жәрдемдесу мақсатында тікелей инвестициялар мен венчурлік қаржыландыру инфрақұрылымын дамыту. "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ-ның еншілес ұйымы болып табылады. Қосымша ақпаратты https://qic.kz/ru сайтынан алуға болады.
ewpartners - Таяу Шығыс елдерінің ірі егеменді қорлары және халықаралық қаржы инвесторлары қолдайтын жеке инвестициялық компания. Компания Қытайдың жетекші өнеркәсіптік көшбасшыларымен трансшекаралық серіктестіктерді құру мен қаржыландыруға маманданған, сондай-ақ технологияға негізделген жаһандық интеграцияланған экожүйелерді бірлесіп құрумен айналысады, бұл ретте өз инвесторлары үшін жоғары табыстылықты қамтамасыз етеді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.