28.06.2021, 22:07 8243

Нұр-Сұлтанда "қызыл" статусы бар азамат қоғамдық орынға барғаны үшін жауапқа тартылды

Қалада карантиннің күшейтілгеніне қарамастан өткен тәулікте бірден екі той өткізіліп, оған 100 адам қатысты.
НҰР-СҰЛТАН. 28 МАУСЫМ - Нұр-Сұлтан қаласында "қызыл" статусы бар қала тұрғынына қоғамдық тамақтану орнына барғаны үшін айыппұл салынды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
 

Байқоңыр ауданының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары оқшаулау режимін бұзғаны үшін қала тұрғынын ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы, 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты. Тиісінше оған 87 510 теңге (30 АЕК) көлемінде айыппұл салынды", - деп хабарлады қала әкімдігінде.

 
Осы жылдың 5 сәуірінен бастап Ashyq жобасына қатысатын бизнес нысандары арқылы үй карантинін бұзған 4 039 келуші анықталды. Оның ішінде 1 888 адам "қызыл" статусқа (коронавируспен ауыратын), 2 151 адам "сары" статусқа (науқаспен жақын байланыста болған) ие. Сол сияқты, 11-27 маусым аралығында үй карантинін бұзған 491 келуші (жұқтырғандар, яғни "қызыл" статусы бар – 247 келуші, жақын байланыста болған, "сары" статусы бар – 244 келуші) анықталды.
 
Сонымен қатар, елорданың мониторинг топтары кәсіпкерлер арасында карантин талаптарын қасақана бұзушыларды анықтауда. Қалада карантиннің күшейтілгеніне қарамастан өткен тәулікте бірден екі той өткізіліп, оған 100 адам қатысты.
 

Есіл ауданында орналасқан "Portofino" мейрамханасында 100 адамға арналған той өткізілді. Мекемеде қалалық санитарлық дәрігердің қаулысында көрсетілген шектеу шаралары сақталмаған. Ал Алматы ауданындағы "Бақ сарай" мейрамханасында 100 адам қатысқан шара өтті", - деп нақтылады әкімдікте.

 
Карантиндік режимді бұзғаны үшін Байқоңыр ауданындағы "Мустанг" кафесі мен Сарыарқа ауданындағы "Панаехали" барының қызметкерлері бетперде кимегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
 

Тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған материалдар тиісті шаралар қолдану үшін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларына жіберілді", - деп қорытындылады ведомствода.

 
Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан "қызыл" аймақта орналасқан. Өткен тәулікте қалада 507 КВИ жағдайы анықталды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны