17.10.2022, 14:46 36521

Қазақстанда сырттай оқытуға арналған мамандықтар тізімі қысқартылды

Енді студенттер тек 23 мамандық бойынша сырттай оқи алады
Қазақстанда сырттай оқытуға арналған мамандықтар тізімі қысқартылды
Астана. 17 қазан. KAZAKHSTAN TODAY - ҚР Оқу-ағарту министрлігі еліміздің колледждерінде сырттай оқытуға арналған мамандықтар тізімін қысқартты. Енді студенттер тек 23 мамандық бойынша оқи алады, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
 

Салыстырмалы түрде айта кетсек, екі жылдан астам уақыт бұрын 595 біліктілік бойынша сырттай білім алуға болатын еді. Бірақ оқытудың бұл түрі студенттерге сапалы машықтарды, дағдыларды бере алмайды. Осының салдарынан түлектер оқуды бітіргеннен кейін практикалық білімнің жетіспеушілігімен жиі кездесіп, жұмыс таба алмай жатады", - деп атап өтті Оқу-ағарту министрлігінде.

 
Осыған байланысты министрлік сырттай оқудағы мамандықтарды қысқарту бойынша жұмысты кезең-кезеңімен жүргізіп жатыр. Бұл жолы:
 
  • "Техник-электроник" біліктілігі бойынша "Радиоэлектронды көлік құралдарын пайдалану және техникалық қызмет көрсету (көлік түрі бойынша)" мамандығы;
  • "Техник-технолог" біліктілігі бойынша "Пайдалы қазбаларды өңдеу (көмір дайындау)" мамандығы;
  • "Техник-құрылысшы" біліктілігі бойынша "Қалалық коммуникацияларды салу және пайдалану" мамандығы;
  • "Тазалау құрылыстарының технолог-технологы" біліктілігі бойынша "Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін тазарту құрылыстарын пайдалану" мамандығы және т.б. мамандықтар бойынша сырттай оқыту алынып тасталды.
 
Ведомствода бүгінгі таңда қазақстандық колледждерде кадрларды даярлауда дуалды оқыту түрі белсенді түрде дамып келетінін айтты. Яғни кадр даярлауда колледждер ірі кәсіпорындармен, бизнеспен тығыз байланыста жұмыс істейді.
 

Өйткені оларға қандай мамандар қажет екенін еңбек нарығы анықтайды. Сондықтан біз сырттай оқу түрінен белсенді түрде алшақтап жатырмыз және мұндай шешім қабылдауға түлектердің оқуды бітіргеннен кейін алатын білім мен дағдылардың сапасының жеткіліксіздігі себеп болды. Біз мұны кезең-кезеңімен жүргізіп жатырмыз және бұл жұмыс әлі де жалғасын табады", - деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының міндетін атқарушы Ернат Жүнісов.

 
Ол дуалды оқыту кезінде өндірістік оқыту мен кәсіптік практиканың кемінде 60%-ы қамтамасыз етілетінін, осылайша студенттердің оқу уақытының жартысынан көбі өндірісте болатынын атап өтті.
 

Бұл тәсіл болашақ түлектердің білім сапасы мен біліктілігін арттырады және олардың әрі қарай жұмысқа орналасуын қамтамасыз етеді", - деді Ернат Жүнісов.

 
Министрдің 2022 жылғы 29 қыркүйектегі бұйрығына сәйкес, сырттай оқып алуға болатын мамандықтар тізімінен физика және математика ғылымдары, ақпараттық қауіпсіздік жүйелері, кейбір химиялық инженерия, электротехника және т. б. мамандықтар алынып тасталды.
 
Сырттай, экстернат нысандарында немесе кешкі оқытуда алуға болатын мамандықтардың толық тізімін мына жерден табуға болады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны