Ақтауда қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионаты басталды
Алматы. 5 ақпан. Kazakhstan Today - Ақтауда қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионаты басталды.
Маңғыстау облысында осыған дейін бірнеше мәрте ел біріншіліктері, спартакиадалар жоғары деңгейде өткізіліп келеді. Ал, бүгінгі дүбірлі доданың мән-мағынасы ерекше. Өйткені, қазақ күресінің тарихы ұлтымыздың өмір тарихымен тығыз байланысты. Қазақ күресін бүгінде әлемнің көптеген елдері танып білді. Оған дәлел, қазақ күресінен өткізілетін жарыстар республикалық дәрежеден асып, Азия және Әлем біріншіліктері деңгейінде өткізіле бастағаны. Бүгіннен бастау алып, 2 күнге созылатын бәсекеде 2005-2006 жылы туылған жасөспірімдер 10 салмақ дәрежесінде белдесуге түседі.
-"Бұл жарысқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және де 14 облыс құрама командаларынан 500-ден астам спортшы бақ сынасуға ниет білдірді. "Маңғыстау-Аренада" өтетін жарысты тамашалаймын деушілер үшін барлық жағдай жасалған- деді Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Жұмабаев.
Маңғыстау облыстық қазақ күресі федерациясы өзге өңірден келген балуандарға Маңғыстау облысының өлкетану мұражайы және Әбіш Кекілбаев атындағы музейді таныстырып, сондай-ақ теңіз жағалауына серуендеу шараларын ұйымдастырды.
Бүгінде өңірде қазақ күресімен 4014 палуан, оның ішінде 2815 спортшы ауылдық елді мекендерде шұғылданады. Облыс көлемінде 46 жаттықтырушы бар білгенін балаға үйретсе, үйірмелер саны 82-ге жеткен.
"Қазақ күресін" мектептерде пән ретінде енгізу жоспарланып отыр.
Бұл туралы Маңғыстау облыстық "Қоғамдық коммуникация орталығында" өткен брифингте ҚР қазақ күресі федерациясының бас хатшысы Бақдаулет Сәбитов мәлімдеді.
"Жас өспірімдер арасында осы Қазақ күресінен біріншіліктің алғаш рет Ақтау қаласында өтуі, оған қолдау тапқаны қуантады. Өйткені, жылдан жылға ата-аналар тарапынан қазақ күресіне деген қызығушылық артып келеді. Осыған орай, жаңа оқу жылынан бастап осы спорт түрін мектептерде пән ретінде енгізуді жоспарлап отырмыз. Алдымен, Нұр-Сұлтан қаласы мен Маңғыстау облысында пилоттық жоба ретінде іске асырылады. Бағдарламасы әзірленіп, мамандар даярлау барысы қолға алынды", - деді ҚР қазақ күресі федерациясының бас хатшысы Бақдаулет Сәбитов.
Осы бағытта жылдың соңына дейін Қазақ күресі академиясы құрылып, мамандар дайындау жұмыстары жүргізілмек. 1-4 сыныптарға қазақ күресінен акробатика ретінде, ал 5-11 сынып оқушылары арасында арнайы пән ретінде өткізіледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ, қыз балалар да осы спорт түрімен айналысуға мүмкіндіктер жасалған.
-"Осындай беделді жарыстарды өлкемізде өткізу арқылы қазақ күресінің облысымызда қарқынды дамуына ерекше екпін береміз", - дейді ұйымдастырушылар.
Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.