01.03.2021, 20:04 10188

2021 жылы Қазақстанда "Биологиялық қауіпсіздік туралы" Заң әзірленеді

Төтенше жағдай кезінде биологиялық қорғайтын жүйелерді жетілдіру қажет болды.
Нұр-Сұлтан. 1 наурыз. Kazakhstan Today - 2021 жылы "Биологиялық қауіпсіздік туралы" Заң әзірленеді, деді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Төтенше жағдай кезінде заманауи қорғаныс құралдарын енгізу және олардың терроризмге қарсы тұрақтылығын арттыру арқылы биологиялық қорғайтын жүйелерді жетілдіру қажет болды. Осыған байланысты, 2021 жылы "Биологиялық қауіпсіздік туралы" заң әзірлеуіміз керек", - деді Денсаулық сақтау министрі.

 
ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Е.Тоғжановқа 2020 жылы санитарлық-эпидемиологиялық қызметті күшейту үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті құрылғанын, сондай-ақ ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің мәртебесі мен өкілеттігі артқанын хабарлады.
 
Бұдан басқа, қызмет инфрақұрылымын жаңғырту және елдің биоқауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жалпы сомасы 55 млрд. теңгеге 2022–2025 жылдарға арналған қосымша қажеттілік есебі жүргізілді. Қызметті цифрландыру тұжырымдамасы әзірленді, оны 2025 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр.
 
Осы заңды іске асыру шеңберінде бақылау жүйесін жетілдіру үшін халық денсаулығын бағалау, талдау және болжау жүйесін дамыту, сондай-ақ қатерлер мен тәуекелдерге ден қою үшін 38 НҚА-ға түзетулер енгізу көзделіп отыр.
 
Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің инфрақұрылымын жаңғырту үшін 2,9 млрд. теңге сомасына 459 бірлік зертханалық жабдық және КВИ мен аса қауіпті инфекцияларды диагностикалау үшін 12 бірлік мобильді кешен сатып алынды.
 
2022-2024 жылдары комитеттің аймақтық бөлімшелерінің 54 ғимаратына жөндеу жүргізіледі. 3 жаңа зертхана ғимаратын салу және Ұлттық сараптама орталығының 27 ғимаратын жөндеу жоспарланған. Комитеттің аумақтық бөлімшелеріне 64 бірлік автокөлік сатып алынады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны