04.01.2023, 15:57 37221

Конституциялық Сот Әділетті Қазақстанның айнасы болады десек, артық айтқандық емес - Тоқаев

Конституциялық Сот Әділетті Қазақстанның айнасы болады десек, артық айтқандық емес - Тоқаев
Сурет: akorda.kz
Президент жыл басынан қызметін бастаған Конституциялық Соттың жаңа әкімшілік ғимаратына барып, тағайындалған судьялармен кездесті

Астана. 4 қаңтар. KAZAKHSTAN TODAY - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басынан қызметін бастаған Конституциялық Соттың жаңа әкімшілік ғимаратына барып, тағайындалған судьялармен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Шын мәнінде, Конституциялық Сот - еліміз үшін өте маңызды институт. Енді азаматтарымыз Конституцияға қайшы келетін нормаларды заңсыз деп тану үшін Конституциялық сотқа тікелей өздері шағымдана алады. Сонымен қатар Бас прокурор және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл де Конституциялық Сотқа жүгінуге құқығы бар. Жалпы, Прокуратура, Сот, құқық қорғау органдарының жұмысына қойылатын талап айтарлықтай күшейеді. Конституциялық Сот депутаттардың және Үкіметтің заң шығару жұмысына оң ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда, Конституциялық Сот адам құқықтарын қорғау жүйесінің басты тірегіне айналады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Оның айтуынша, Конституциялық Сот Әділетті Қазақстанның айнасы болады десек, артық айтқандық емес.

Халқымыз қара қылды қақ жарған қазыларға ерекше құрметпен, сыйластықпен қарайды, "тура биде туған жоқ" деп судьяларға зор үміт артады. Әрбір шешім Ата заңға сәйкес қабылдануға тиіс. Өйткені бұл, ең алдымен, еліміздің тағдырына ықпал ететін шешімдер болмақ", - деді Президент.


Мемлекет басшысы қоғам Конституциялық Соттың қызметінен оң өзгерістер күтіп отырғанын, қазылардың өз міндетін адал атқаруы халықтың, БАҚ пен халықаралық құрылымдардың жіті назарында болатынын еске салды.

Қазылардың осы құрамы мемлекеттік маңызы зор міндеттерін табысты атқарып, қоғам мен азаматтардың үмітін ақтайды деп санаймын. Конституциялық Сот құрамына белгілі құқықтанушы ғалымдар мен түрлі салада көп жылдық тәжірибесі бар заңгерлер кірді. Нәтижесінде теория мен тәжірибе ұштасты. Конституциялық Сот төрағасы Эльвира Азимова ұзақ уақыт бойы әділет органында қызмет етті, адам құқығын қорғау мәселелерімен айналысты, сондай-ақ халықаралық аренада мемлекет мүддесін қорғады. Оның бұл тәжірибесі жаңа салада зор пайдасын тигізеді. Конституциялық Сот қызметінің нормативтік базасы мен ережелерін әзірлеу бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Енді Конституциялық Соттың қызметі барысында қажеттігіне қарай бұл базаны жетілдіру керек болатын шығар. Жалпы, жаңадан құрылған институт ел аумағында Ата заңның үстемдігін қамтамасыз етуі үшін барлық жағдай жасалды", - деді Президент.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны