02.03.2021, 21:31 12361

Қазақстанның Қырғызстанмен шекарасында сауда-логистикалық орталық ашылады

Нұр-Сұлтан. 2 наурыз. Kazakhstan Today - Қазақстан мен Қырғызстан Президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров келіссөздер барысында шекарада сауда-логистикалық орталық құру туралы уағдаласты, деп хабарлайды Kazakhstan Today Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Қазақстан Президенті өзара байланысты нығайту үшін іргелес жатқан аймақтардың ынтымақтастық аясын кеңейту жөнінде келісім жасалғанына тоқталды. Оның айтуынша, Өңіраралық ынтымақтастықтың бірінші форумын жуық арада өткізу қажет, сондай-ақ, шекара маңында тауарды ресімдеп, өңдейтін сауда-логистикалық орталық құру керек.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің экспорттық әлеуетін нығайтып, шағын және орта бизнес арасындағы байланыстарды кеңейту үшін жақын арада Қазақстан делегациясы Қырғызстанға арнайы сапармен баратынын атап өтті. 
 
Екіжақты байланыстардың күн тәртібіндегі маңызды міндеттің бірі – азаматтардың барыс-келісі мен алыс-берісін жақсарту.
 

Осы ретте шекара бекеттерінің өткізу мүмкіндігін арттыру үшін шаралар қабылдануда. Мысалы ең ірі "Қордай" (Ақжол) бекетін жаңғырту жұмыстары – соның айқын дәлелі. Енді жұрттың шекарадан қиналмай өтуіне жағдай жасалмақ. Бекеттің жабдықтары жаңартылды. 8 жолақты автожол салдық. Бұл жұмыс өз жалғасын табады. Паспорттық-бақылау режимін жетілдірдік. Мұның барлығы екі ел арасындағы жолаушылар мен көліктердің санын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстан бұл нысанды жақын арада ашуға дайын. Келісім бойынша, қырғыз тарапы да тиісті жұмысты тез арада аяқтайтын болды", – деді Мемлекет басшысы.

 
Келіссөздердегі тағы бір өзекті мәселе – су-энергетика саласындағы ықпалдастық.
 

Атап өтетін жайт, бүгінде Шу және Талас өзендерінің аңғары бойынша ықпалдастығымыз көптеген елге үлгі болып отыр. Мемлекетаралық су шаруашылығы нысандарын пайдалану жөніндегі бірлескен комиссиямыз бар. Қазақстан бұл нысандарды жөндеу және пайдалану жұмыстарына жыл сайын қаржылай көмек көрсетіп отыр. Соңғы он жылда осы мақсатқа 1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлдік. Біз аталған мәселе бойынша жұмысты екіжақты форматта, сондай-ақ, өңірдегі басқа да әріптестерімізбен жалғастырамыз. Өзендер бойынша біз өзара тиімді іс-қимыл жасауымыз керек, сонда ғана ешқандай келіспеушілік болмайды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Мемлекет басшысы өз сөзінде мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың перспективаларына да тоқталды.
 

Қазақстан мен Қырғызстанның мәдени күндерін өткізуге уағдаластық. Бішкекте Абайға, Нұр-Сұлтан қаласында Манас пен Шыңғыс Айтматовқа арналған ескерткіштер бой көтереді. Оған қоса бірегей тарихи мұраларымызды дәріптеу үшін күш-жігерімізді жұмылдыратын болдық", – деді Қазақстан Президенті.

 
Келіссөздер қорытындысы бойынша екі ел жастарының арасындағы байланыстарды жандандыруға уағдаластық жасалды. Мемлекет басшысы еліміздің жоғары оқу орындарында қырғыз жастарына бөлінетін білім квотасын 10 есеге көбейту жөнінде тапсырма бергенін, соның арқасында мұндай гранттардың саны 50-ге жететінін, сондай-ақ, Бішкекте Қазақстанның беделді жоғары оқу орнының филиалын ашу туралы бастаманың қарастырылып жатқанын айтты.
 
Президент сөзінің соңында келіссөз қорытындысы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы достық, сенім және тату көршілікке құрылған қарым-қатынастарды қос тарап та одан әрі нығайта беруге бейілді екенін көрсетті деді.
 

Біздің мемлекеттеріміз бен халықтарымыз тонның ішкі бауындай араласып кеткен. Бұл жұрттың бәріне белгілі. Мемлекет басшыларының міндеті – екіжақты қарым-қатынастарды ынтымақтастықтың үлгілі моделіне айналдыру. Бүгінгі келіссөздер аталған мақсатты шешуге арналды. Пікір алмасулар өте пайдалы әрі табысты болды. Біз екіжақты ынтымақтастықтың басты бағыттарын айқындадық, өңірлік және халықаралық құрылымдар аясындағы іс-қимылдарды арттыру мәселесін талқыладық. Екі ел арасындағы ықпалдастық бойынша кез келген мәселені бауырлас халықтардың ежелден қалыптасқан мүдделерін ескере отырып, шұғыл шешуге келістік. Қырғызстан Президенті Садыр Нургожоұлы Жапаровтың сапары табысты өтті деп айтуға толық негіз бар", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Айта кетейік, келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қырғызстан Президенттері бірлескен мәлімдеме жасады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны