Әкімдерге IT мамандарды қолдау үшін өңірлерде цифрлық инфрақұрылым құру жүктелді
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің цифрландыру саласын дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Astana Hub жұмысының аясында IT-экспорт көлемін арттыру, цифрлық платформалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және отандық стартаптарды іске асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ "Терриконовая долина" IТ-хабының басшысы Сабир Ниязов, Arlan BioTech компаниясының басшысы Болат Сұлтанкұлов, ITS Partner Ltd компаниясының басшысы Марат Тастеміров баяндама жасады.
Қазақстан әлемде цифрландыру саласы дамыған ең озық 30 мемлекеттің қатарына кіреді және онлайн-қызметтер көрсету бойынша 8-орында. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында IT-қызмет экспорты $306 млн-ға дейін өсті. Жыл соңына дейін $600 млн-нан асады деп күтілуде. Жалпы 5 жыл ішінде отандық IT-қызметтердің экспорты 20 есеге ұлғайды. Елімізде роботтандыру және жасанды интеллект технологиялары орнықты дамуда, көптеген салаларда трансформация жалғасып жатыр.
Заңнамалық база қалыптастырылып, үнемі жетілдіріліп отырады. Цифрлық трансформация тұжырымдамасы қабылданды, сондай-ақ венчурлік нарықты және стартап-экожүйені дамыту үшін қолайлы экономикалық жағдайлар жасалды. Astana Hub технопаркі көптеген стартаптар үшін шын мәнінде инновациялық кластерге әрі ең негізгі әріптеске айналды. Бұл алаңда 1,5 мыңнан астам компания табысты жұмыс істеуде. E-commerce, BigData, GameDev, Fintech, MedTech пен басқа да серпінді жобалардың экспорттық әлеуеті жоғары. Олардың белсенді дамуы 2026 жылға қарай ІТ-өнімдер мен қызметтер экспортын $1 млрд-қа дейін өсіруге ықпал етпек.
Премьер-министр Үкімет алдағы уақытта да IT-технологиялар мен көрсетілетін қызметтер саласын белсенді қолдай беретінін атап өтті. Өңірлік акселерациялық бағдарламаларды және басқа елдердегі жаһандық әріптестік желіні дамыту саясатын одан әрі жалғастыру қажет.
Мемлекет басшысы 2029 жылы цифрлық технологиялардың экономикаға қосатын үлесін 1%-ға дейін, ал ІТ-қызметтердегі жергілікті үлесті кемінде 80%-ға жеткізу міндетін қойды. Оған қол жеткізуде IT-хабтар мен венчурлік қорлар басты драйверлерге айналуға тиіс. Соңғы алты жылда Қазақстанда венчурлік қаржыландыру көлемі 6 еседен астам өскен. Әрі қарай өсу үшін біз осы саладағы озық сарапшыларды тартуымыз керек. Бұл орайда білім беру бағдарламаларын дамытып, ірі бизнесті тарту және сауатты цифрлық инфрақұрылым құру жұмыстарына жете көңіл бөлу қажет. Цифрландыру, ІТ-саланы дамыту және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді іске асыру экономиканың дамуына ықпал етуге тиіс", - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Президент қойған жасанды интеллектіні дамыту міндеттерін іске асыру аясында салалық заңнаманы жетілдіру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Келер жылы Астанада Жасанды интеллект орталығын ашу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде жас таланттарды тарту нүктесіне айналуға тиіс. Цифрлық даму министрлігіне осы мәселені ерекше бақылауда ұстау тапсырылды.
IT-саланың жоғары білікті мамандарын даярлау басым міндет болып табылады. Astana Hub-та үздік халықаралық тәжірибе ескеріліп, қажетті жағдайлар жасалған. Цифрлық даму, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктеріне Astana Hub-пен және өңірлік хабтармен өзара тығыз байланыса отырып, одан әрі даму және оқыту тұжырымдамасын жасау тапсырылды. Осы ретте оқу бітірген мамандардың санын көбейту мақсат емес, олардың даярлық сапасына баса назар аудару қажеттігі аталып өтті. Үздік әлемдік әдістемелерді назарда ұстап, цифрлық білім мен дағдыларды арттыру тәсілдерін үнемі жаңартып тұру маңызды.
Сонымен қатар өңірлердегі цифрлық инфрақұрылымды қамтамасыз ету үшін бұл мәселелерге әкімдіктер тарапынан тиісті көңіл бөлінуі тиіс. Салалық министрлікке өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, Astana Hub-ты дамыту, өңірлік хабтарды қолдау және IT саласында экспортқа бағытталған бағыттарды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша шаралар қабылдау, сондай-ақ венчурлік қаржыландыруды қолдау жүйесіндегі тәсілдерді жаңарту тапсырылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.