16.03.2024, 15:03 56301

Куала-Лумпурдан Алматыға дейінгі алғашқы тікелей рейсін сәтті іске қосылды

Ұшақтар әр сейсенбі, бейсенбі, сенбі және жексенбі күндері ұшатын болады
Куала-Лумпурдан Алматыға дейінгі алғашқы тікелей рейсін сәтті іске қосылды
Сурет: depositphotos
AirAsia X (AAX) Куала-Лумпурдан Алматыға дейінгі алғашқы тікелей рейсін сәтті іске қосты. Бұл жаңалықты мерекелі іс-шарада атап өткеннен кейін, Air Asia X "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясымен стратегиялық ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметінен.

Меморандум Қазақстан мен Малайзия арасындағы туризмді ілгерілету барысындағы әуе компаниясы мен ұйым арасындағы коммерциялық ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді. Сондай-ақ, меморандум бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға, бірлескен сату мен маркетингтік науқандарды дамытуға, оған қоса, туризм арқылы екі елдің экономикасын ынталандыруға көмектеседі.

Стратегиялық серіктес ретінде AirAsia Алматыға Малайзия мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен саяхатшылар әкеліп қана қоймай, Куала-Лумпур арқылы қазақстандық туристер үшін атап өтілген аймақ бойынша 130 жаңа бағыт ашады. Компаниялар бірлескен конференциялар, туристік көрмелер мен басқа да іс-шаралар арқылы Оңтүстік-Шығыс Азияда Малайзия мен Қазақстанның туристік өнімдерін дамытуды көздейді.

Өзара түсіністік туралы меморандумға AirAsia X компаниясының бас директоры Беньямин Исмаил мен "Kazakh Tourism" АҚ басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасов қол қойды. Сонымен қатар салтанатты шараға Малайзияның Қазақстандағы Елшісі Жоғары Мәртебелі Мохда Адли бин Абдулла; Capital A атқарушы төрағасы Датук Камарудин Меранун; және AirAsia X төрағасы Дато Фам Ли И қатысты. Сондай-ақ Алматы халықаралық әуежайының, Қазақстанның Азаматтық авиация басқармасының өкілдері мен саланың басқа да мамандары қатысты.

Беньямин Исмаил, AirAsia X компаниясының бас директоры: "Бұл стратегиялық одақ Малайзия үшін де, Қазақстан үшін де маңызды қадам болып табылады. Бұл саяхат сапасын жақсарту ғана емес, сонымен қатар біздің экономикамызды қолдауға бағытталған іс. Біз қайда ұшсақ та, біздің бәсекеге қабілетті тарифтеріміз әуе саяхатын ынталандырып, жұмыс орындарын құру мен экономикалық өсудің негізгі қозғалтқышы болып табылатын туризм секторына үлкен ықпал етеді".

Қайрат Сәдуақасов, "Kazakh Tourism" компаниясының Басқарма төрағасы: "Біз AAX-ті елімізде қарсы алуға қуаныштымыз. Air Asia-ның біздің нарыққа шығуы Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия аймағы үшін маңызды. AAX-пен ынтымақтастық жемісті болып, маңызды сауда, коммерциялық, мәдени және білім беру алмасуларына ықпал етеді деген үміттеміз".

Екі бағыттағы туризмді дамыту мақсатында AAX аптасына 4 рет жиілікпен Куала-Лумпур-Алматы және Алматы-Куала-Лумпур бағыттарында рейстерді іске қосты. Ұшақтар әр сейсенбі, бейсенбі, сенбі және жексенбі күндері ұшатын болады.

AAX-тің Куала-Лумпурдан Алматыға алғашқы рейсі 2024 жылдың 14 наурызында 90%-дан жоғары жүктеме коэффициентімен қонды. Бұл әуе компаниясы тарапынан Орталық Азияның дәл жүрегіне жасалған үлкен қадам. Сол күні әуе компаниясы Алматыдан Куала-Лумпурға жүктердің 80 пайыздан астамын тасымалдады. Бұл компанияның аймақтағы жұмысының сәтті басталғанын көрсетеді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны