07.02.2025, 16:18 3971

Мүгедектігі бар адамдар жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында Инклюзивті саясат тұжырымдамасы таныстырылды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің (бұдан әрі - Үйлестіру кеңесі) кезекті отырысы өтті, оның барысында Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) таныстырылды, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялау мәселелері және ымдау тілі мәселелерін реттеудің жаңа тәсілдері қарастырылды, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметінен.

Отырысқа ҚР Парламентінің депутаттары, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев Тұжырымдама шеңберінде осы жылдан бастап 13 негізгі бағытты іске асыру басталатынын хабарлады: теңдік және кемсітпеушілік; құқықтық қорғау; әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру; инклюзивті еңбек нарығы; денсаулық, абилитация және оңалту; инклюзивті білім беру; қоғамдық-саяси өмірге тарту; кедергісіз орта және қызметтердің қолжетімділігі; төтенше жағдайлар мен климаттық қауіп-қатерлер жағдайындағы қауіпсіздік; жеке және отбасылық өмір; мәдени өмір, бос уақыт және спорт; ағарту-тәрбие жұмысы; мониторинг және есепке алу.

Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары 52 іс-шараны көздейді. Аталған іс-шаралардың жауапты орындаушылары салалық министрліктер мен жергілікті атқарушы органдар болып табылады", - деп атап өтті Асқарбек Ертаев.


Іске асырылып жатқан іс-шаралардың ішінде: мүгедектігі бар балаларға арналған сыйымдылығы шағын үйлер мен күндізгі болу бөлімшелерінің желісін дамыту жөніндегі стандарттарды әзірлеу, мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету процесіне волонтерлік қызметтерді тарту жөніндегі мәселені пысықтау, мүгедектігі бар адамдарды автомобильмен тасымалдау бойынша қызметтер көрсету қағидаларын өзектендіру, Қазақстанның Зағиптардың және көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдау қабілеті шектеулі адамдардың жария етілген туындыларға қол жеткізуін жеңілдету туралы Марракеш шартына, өзге құқық қорғау халықаралық шарттарына қосылуы үшін және т. б. жағдайлар жасау жөніндегі шараларды әзірлеу бар.

Сондай-ақ Үйлестіру кеңесінің отырысы барысында Қазақстанда биылғы 1 қаңтардан басталған халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер (бұдан әрі - АӘҚ) көрсететін ұйымдарды лицензиялау туралы мәселе қаралды.

Лицензиялау ҚР Әлеуметтік кодексінде көзделген арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін жаңғырту кезеңдерінің бірі болып табылады және ұсынылатын АӘҚ сапасын арттыруға; қызмет алушылардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға кепілдік беруге; АӘҚ ұсынатын ұйымдар үшін бірыңғай стандарттарды белгілеуге бағытталған.

Осы бағыт бойынша жұмыс барысы туралы қатысушыларды Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов хабардар етті.

Осы жылдың 6 ақпанына 446 өтінім келіп түсті, бұл ретте 249 өтініш бойынша оң шешім шығарылды. Құжаттар топтамасының толық ұсынылмауына немесе біліктілік талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты 197 өтініш бойынша лицензия беруден бас тартылды. Айта кету керек, теріс шешімдер алған барлық ұйымдар құжаттарды сәйкестендіргеннен кейін лицензиялауға өтініштерді қайта жібере алады. Статистика көрсеткендей, бас тартуды алған ұйымдар құжаттаманы пысықтайды, лицензиялауға береді және мақұлдау алады", - деп атап өтті Төлеген Оспанқұлов.


Спикердің айтуынша бас тартудың негізгі себептері АӘҚ көрсету орталықтарының белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі болып табылады:

- медициналық лицензияның кіші түрлерінің, штаттық нормативтердің сәйкес келмеуі;

- өрт қауіпсіздігі туралы актінің болмауы;

- материалдық-техникалық базаның сәйкес келмеуі;

- қызмет алушыларды тамақпен қамтамасыз етуге растайтын құжаттардың болмауы;

- жатын бөлмелердің ауданы стандарттарға сәйкес келмеуі;

- мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділік жөніндегі талаптардың сәйкес келмеуі.

Сонымен бірге отырыс барысында Қазақстандағы ымдау тілі мәселелерін реттеудің жаңа тәсілдері, сондай-ақ "Қолжетімді көлік" бағыты бойынша жұмыс тобының жұмыс жоспары қаралды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны