Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Премьер-Министр Олжас Бектенов, Үкімет мүшелері, Ұлттық банк төрағасы, облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысы жиын барысында Үкімет жұмысының басты бағыттарын айқындады. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру, цифрлық технологияны жан-жақты енгізу, энергетиканы дамыту және ядролық кластер құру, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру, салық-бюджет саясатын реформалау, маңызды жобаларды қаржы көздерімен қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуметтік қолдау ісін реттеп, денсаулық сақтау, білім беру және ғылым саласын одан әрі дамыту жөніндегі нақты міндеттер мен жоспарларға тоқталды.
Президенттің пікірінше, алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін тұтас мемлекеттік аппарат тиімді жұмыс істеуі керек.
Жаңа дәуірдің сын-қатерлері аз емес. Оны еңсеру үшін бізге тиісті стратегия керек. Мен реформалардың нақты бағыты мен оны жүзеге асыру жолдары туралы осыған дейін де айттым. Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керек және ең бастысы сол шешімдерді іске асыруға тиіс. Бұл - жоғары білікті әрі жауапкершілік алуға дайын мемлекеттік қызметшілердің қолынан келетін жұмыс. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мемлекеттік аппараттың тиімділігі осындай күрделі кезеңдерде айқын көрінеді. Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиында Премьер-Министр Олжас Бектенов еліміздің өткен кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуы мен Үкіметтің биылға арналған жоспарлары туралы баяндады. Премьер-Министрдің орынбасары - Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин еліміздің фискалдық жүйесін, яғни салық және бюджет саласын реформалауға қатысты ұстанымдарды таныстырды. Ақша-несие саясатына қатысты мәселелер бойынша Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов сөз сөйледі. "Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қордың қызметі туралы есеп берді.
Бұдан бөлек, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков және Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.