Үкімет тарапынан 2024 жылғы су тасқыны салдарынан мүлкі зақымданған азаматтарға жан-жақты көмек көрсетілді. Өңірлерде тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар және инфрақұрылым салу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Мәселен, 36 455 отбасына жалпы сомасы 13,3 млрд теңге, 100 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. 21 876 отбасына 9,9 млрд теңге көлемінде 150 АЕК-ке дейінгі өтемақы төленді. Биыл төтенше жағдай жарияланған су басқан аймақтарда атаулы әлеуметтік көмек төлеу отбасылардың материалдық жағдайын жергілікті комиссияның тексеруінсіз автоматты түрде ІІІ тоқсанға ұзартылды. Мұндай шешім нәтижесінде 3,6 мың отбасына 655,7 млн теңге көлеміндегі АӘК төлемі тағайындалды, деп
хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде комиссиялар азаматтардың жалғыз баспанасы болған 19 359 су басқан үй мен саяжай құрылыстарын тексерді. Оларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жылжымайтын мүлік нарығынан 5 767 тұрғын үй сатып алынды. Жөндеу жұмыстары 9 156 үйде 100% аяқталды. Бұл мақсаттарға барлығы 54,7 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ қысқа мерзімде 64 млрд теңгеге халық үшін 2 680 жеке тұрғын үй салынды.
Биыл Үкімет резервінен 42,5 млрд теңге бөлінді. Оның 400 млн теңгесі зардап шеккен отбасыларға Қостанай облысының Арқалық қаласынан 31 пәтер сатып алуға бағытталды. 1,4 млрд теңге - Қостанай облысының Арқалық қаласындағы, Амангелді және Жангелді аудандарындағы "Қостанайюжэлектросервис" КМК электр желілерін қалпына келтіру бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізуге; 1,1 млрд теңге - Батыс Қазақстан облысындағы жоғары вольтты электр желілерін күрделі жөндеуге; 22,7 млрд теңге - Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жол инфрақұрылымын қалпына келтіруге жұмсалды.
Сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе, Қостанай облыстарында білім беру нысандарын салуға және жөндеу жұмыстарына - 7,5 млрд теңге; Солтүстік Қазақстан облысында инженерлік инфрақұрылым жобасын іске асыруға - 2,9 млрд теңге, атап айтқанда, Универсальная көшесі бойында "РТЖ" ААҚ темір жолдары арқылы өтетін автожол өткелін салуға бөлінді. 600 млн теңге - Ақмола облысында 7 сумен жабдықтау нысанын жөндеуге, 5,9 млрд теңге - Атырау облысындағы жолдарды қалпына келтіруге бағытталды.
ШОБ субъектілеріне келтірілген залалды өтеу үшін 12,1 млрд теңге бөлінді. Зардап шеккен кәсіпкерлік субъектілеріне толық төлем жасау мақсатында "Демеу" корпоративтік қорынан Атырау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына 2,5 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат бөлу мәселесі пысықталды. Аталған қаражат есебінен ШОБ субъектілерінің 40 өтініші бойынша шығын өтелді. Жалпы, өңірлік комиссиялар 14,6 млрд теңгеге 734 кәсіпкерлік өтінімді мақұлдады.
Мал шығыны үшін мемлекет тарапынан көрсетілген көмек көлемі 2,8 млрд теңгеден асты.