16.04.2021, 20:56 16831

Президент Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жаңа басшылығының алдына бірқатар міндеттер қойды

НҰР-СҰЛТАН. 16 СӘУІР - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшылығының ауысуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Менің Жарлығымен Шпекбаев Алик Жатқамбайұлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы қызметінен босатылды. Агенттікте оның басшылығымен жемқорлықпен күресте ауқымды жұмыс атқарылды. Осы құрылымның қызметі айтарлықтай жаңғырды. Жемқорлыққа қарсы бірқатар жобалар мен бастамалар қолға алынды. Солардың қатарында "ADALDYQ ALANY", "ANTIKOR ORTALYGY", "ADAL BILIM" және тағы басқалары бар. Алик Жатқамбайұлына осы қызметтегі табысты жұмысы үшін алғыс айтамын. Марат Ахметжанов Әділет министрлігінде, Бас прокуратурада басшылық лауазымдарды атқарды. Кезінде Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің орынбасары болды. Сондықтан мен оны осы лауазымға тағайындау туралы шешім қабылдадым", – деді Президент.

 
Президент мемлекеттің қауіпсіздігі мен халықтың әл-ауқаты сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі жүйелі шараларға тікелей байланысты екенін айтты.
 

Осыған орай Агенттікке бірқатар маңызды міндет жүктедім. Әсіресе, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды барлық деңгейде тиімді жүргізу үшін кешенді жұмыс атқару қажет. Осы ретте қабылданған шаралар қылмыстық қудалау әрекетімен ғана шектелмеуі керек. Мемлекеттік аппарат шешім қабылдаудан тартынып, бюрократияға бой алдырады және лауазымды тұлғалар жеке жауапкершілік алудан жалтарады. Агенттік жұмыс барысында жіберілетін қателіктерді қасақана жасалған қылмыстардан ажырата білуге тиіс. Сондай-ақ, кінәлі адамды қылмыстың барлық құрамы болған кезде ғана жауапқа тартуы қажет. Қоғам өкілдерінің белсене атсалысуы және алдын алу шаралары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің басты құралдары. Менің тапсырмам бойынша "Қоғамдық бақылау туралы" заң дайындалып жатыр. Бұл құжат мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ белсенді азаматтардың құқықтық бақылау құралдарын пайдалануына мүмкіндік береді. "Follow the money" қағидатының әлеуетіне тоқталып, қылмыстық жолмен алынған мүлікті іздестіру және тәркілеу ісіне баса мән беруді тапсырамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Қасым-Жомарт Тоқаев қылмыстық жолмен алынған дүние-мүлікті тәркілеу жөніндегі бұлжымас қағидат сыбайлас жемқорлыққа қатысты кез келген іс-әрекеттің алдын алуға септігін тигізуі тиіс деп санайды. Мемлекет басшысының айтуынша, Агенттік бұл жұмысты қаржы мониторингі органдарымен бірлесіп ұйымдастыруы қажет.
 

Менің тапсырмам бойынша қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізіліп жатыр. Мұндай модель айыптаушылық ұстанымды бәсеңдетіп, қылмыстық процеске заңсыз араласуды болдырмайды. Агенттікке өз қызметін қылмыстық процестің үш буынды моделіне бейімдеуді тапсырамын. Қоғам, бизнес және инвесторлар өздерін сыбайлас жемқорлық қысымынан сақтайтын мықты қорған бар екенін сезінуі қажет, жаңа төраға Агенттік жұмысының тиімділігін одан әрі арттыра түсетініне сенім білдіремін", – деді Президент.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны