11.06.2024, 12:56 39326

Республикада су құбырлары жылдар бойы салынып келеді - Бектенов

Республикада су құбырлары жылдар бойы салынып келеді - Бектенов
ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қалалық және ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз баяндама жасады. Бірқатар өңір әкімдерінің баяндамасы тыңдалды.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан қалаларында сумен жабдықтау қызметтері 98,9% қолжетімді болды, ауылдық елді мекендердің тұрғындары 96,6%-ға ауыз сумен қамтамасыз етілді. Бұл ретте 9 өңірдің қала халқы 100% қамтылған, ең төменгі деңгей Абай және Павлодар облыстарында байқалады.

Көрсеткіштері төмен өңірлерге басым негізде қаражат бөлінеді, бұл артта қалған өңірлер көрсеткіштерінің деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда республика бойынша 9 облыста топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 29 жоба іске асырылып жатыр. Барлығы 2 мың шақырым су құбырын қайта жаңарту және салу, сондай-ақ 437 елді мекенді сумен қамтамасыз ету көзделген. Бұл жалпы саны 92 мың адам тұратын 44 елді мекенді орталықтандырылған сумен жабдықтауға қосуға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік сараптама алғаннан кейін жүзеге асырылатын 5 жоба әзірленуде. Соның нәтижесінде 200 елді мекенді сумен жабдықтау жүйесі жақсартылып, қамтамасыз етіледі.

2024 жылы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және реконструкциялауға республикалық бюджеттен 324 жобаны іске асыруға 218 млрд теңге қарастырылған. Оның 106 млрд теңгесі қалаларда, ал 112 млрд теңгесі ауылдарда жобаны іске асыруға бөлінбек.

Үкімет басшысы 2025 жылдың соңына қарай халық 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етілуі керек екенін айтты.

Бұл - аса маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі. Уақыт тығыз, небәрі 1,5 жыл қалды. Әкімдіктер сумен жабдықтау көрсеткіштерінің жоғары деңгейіне қарамастан, ауылдар мен қалаларда тиісті инфрақұрылымды тарту жұмыстарын күшейтуге тиіс. Сумен қамтамасыз ету жұмыстары басым тәртіппен қаржыландырылуы тиіс. Елді мекендердің ішінде су желілерін жүргізу жұмыстарын топтық су құбырларының инфрақұрылымын ауылдардың шекараларына дейін тарту жоспарларымен үйлестіру керек", - деді Олжас Бектенов.


Кейбір топтық су құбырларын салу жобалары жылдар бойы іске асырылып келе жатқанына назар аударылды.

Мәселен, Ақмола облысының Талапкер және Қажымұқан ауылдарында ауыл ішіндегі желілер тартылған, ал Кенжебай және Рақымжансай кен орындарынан топтық су құбырын салу жобасы әлі іске асыру сатысында.

Сонымен қатар жұмыс кестесінің сақталмауына байланысты өткен жылы бөлінген 760 млн теңгенің 500 млн теңгеден астамы бюджетке қайтарылды.

Бұл - дұрыс жоспарламаудың салдары. Ақмола облысының әкіміне аталған мәселені ерекше бақылауға алуды тапсырамын. Мұндай жағдайларға жол бермеу мақсатында Өнеркәсіп және құрылыс, Су ресурстары және ирригация министрліктері жобалардың іске асырылу барысын апта сайын бақылап, бұзушылықтар анықталған жағдайда маған тікелей баяндаулары қажет", - деді Премьер-Министр.


2023 жылдың басынан бері тек мемлекеттік органдардың өзіне тұрғындардан 43,5 мыңға жуық ресми өтініш келіп түскен. Көпшілігі әбден тозығы жеткен желілердің жиі істен шығатынына шағымданады.

Мәселен, Ақмола облысында Нұра топтық су құбырының тозуына байланысты өткен жылы жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай режимі жарияланды. Болашақта мұндай жағдайларға жол бермеу үшін тозу деңгейі 70%-дан асып кеткен желілерді ауыстыру жобаларын басым тәртіппен әзірлеу қажет. Өңірлер жобалық-сметалық құжаттаманы уақытылы әзірлеу жұмыстарын жандандыруға тиіс.

Атырауда сорғы-сүзгі станциясын жаңғырту жобасын әзірлеу ұзақ уақытқа созылды. Ал оның тозуы шамамен 90%-ды құрайды. Әкімдікке биылғы 1 шілдеге дейін жобаны әзірлеуді аяқтауды және оны дереу іске асыруға кірісуді тапсырамын.

Олжас Бектенов дайын жобалардың болмауына байланысты Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалмай қалу қаупі жоғары аймақтарға тоқталды. Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдері осы бағыттағы жұмысты күшейтуі қажет. Маңғыстау облысының әкіміне су тұщыту зауыттары мен қондырғыларды салу жобаларын жандандыру тапсырылды.

Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрлігі судың сапасы мен тазалығына бақылауды күшейтуі қажет.

Олжас Бектенов сумен қамтамасыз ету саласын автоматтандыру мен цифрландырудың маңыздылығын атап өтті. Оларды енгізу су каналдарының жұмысын жеңілдетіп, су шығыны мен авариялар санын азайтады. Бүгінгі таңда Қызылорда мен Атырауда дайын автоматтандыру жобалары бар. Республикалық бюджетті кезекті нақтылау кезінде Қаржы министрлігіне Өнеркәсіп министрлігімен бірлесіп, осы жобаларды қаржыландыру тапсырылды. Өңірлердің әкімдіктері жыл соңына дейін өндірістік процестерді цифрландыру бойынша ЖСҚ әзірлеуді аяқтасын.

Қорытындылай келе, Үкімет басшысы барлық мүдделі мемлекеттік органдардың алдына қойылған маңызды міндетті атап өтті - жыл соңына дейін халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейін арттыру, бұл көрсеткішті ауылдарда 97,8%-ға, қалаларда 99,5%-ға дейін жеткізу.

Ол үшін, өңір әкімдіктері жыл соңына дейін барлық объектілерді уақтылы тапсырып қана қоймай, келесі жылдың жобалары бойынша бекітілген жоспарлардың, құжаттаманың болуы мен қаржыландыруды қамтамасыз етуі керек. Сондай-ақ биылғы 1 шілдеге дейін 77 ауыл мен 28 қала сумен жабдықтау жобалары бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді аяқтауы тапсырылды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны