09.07.2021, 23:46 18037

Тоқаев мұқтаж елдерге отандық вакцинаны беруге дайын екенін мәлімдеді

НҰР-СҰЛТАН. 9 ШІЛДЕ - Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының Төрағасы Волкан Бозкырмен кездесті, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Кездесу барысында Қазақстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары талқыланды. Пандемияға қарсы күрестегі бірлескен іс-қимылдарға, сондай-ақ, өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. 
 
Мемлекет басшысы халықаралық қоғамдастықтың пандемия салдарына қарсы күресте жұдырықтай жұмылуы қажет деп санайды.
 

Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде дағдарыстың салдарын еңсеру үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Біз өзіміздің төл вакцинамызды әзірледік. Келешекте, қажет болған жағдайда, оны мұқтаж елдерге ұсынуға дайынбыз", – деді Президент.

 
Волкан Бозкыр Қасым-Жомарт Тоқаевқа жылы қабылдағаны үшін алғыс айтып, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығының қорытындыларын, сондай-ақ, Сирия қақтығысын реттеу үшін жүргізген жұмыстарын жоғары бағалады.
 

Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының жұмысына өте белсенді атсалысады. Сіз БҰҰ жүйесінде көп жыл жұмыс істедіңіз. Тәжірибеңіз мол. Елдің басшылығы да Ұйыммен белсенді ықпалдастық жасайды. Қазақстанның Сирия қақтығысын Астана процесі ретінде белгілі бейбіт жолмен реттеуге қосқан үлесін қолдаймын", – деді БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы.

 
Сонымен қатар әңгімелесу барысында Ауғанстандағы ахуалға байланысты өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері де сөз болды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны