Астана - Санкт-Петербург рейсіне мина қойылды деп жалған хабар берген шетелдікке айыппұл салынды
Сурет: depositphotos.com
Шетелдік азаматқа әуерейсін миналағандығы туралы жалған хабарлама бергені үшін 2,5 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Көліктегі ПД баспасөз қызметінен.
2023 жылдың күзінде Көліктегі полиция департаменті қызметкерлерімен 36 жастағы шетелдік азамат "Астана-Санкт-Петербург" бағытындағы әуерейсінде терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін ұсталған болатын", - деді Департамент бастығы Бақытжан Малыбаев.
Жоғарыда аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Тергеу барысында құқықбұзушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінген. Ол отбасылық жанжалдан кейін жұбайы Санкт-Петербургке ұшып кетпекші болғандықтан, осындай ойланбаған қадамға барғанын түсіндірді.
Ағымдағы жылғы қаңтардың соңында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімімен аталған азамат кінәлі деп танылып, оған 750 АЕК, яғни, 2.587.700 теңге мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды", - деді полиция полковнигі.
Б. Малыбаевтың айтуынша, мұндай қадам жасаудың себептері әртүрлі, нақтырақ айтқанда абайсыз жеңіл-желпі сөйлегеннен бастап, қасақана бұзақылыққа дейін. Көбінесе, мұндай қылмыстарды азаматтар масаң күйде жасайды.
Өкінішке орай, азаматтар әлі күнге дейін осындай теріс қылықтар үшін жауапкершіліктің ауыр екенін біле бермейді. Көлік инфрақұрылымы объектілері бір уақытта өте көп адам шоғырланатын нысан болып табылады. Сондықтан мұндай қауіпті сөздерден кейін бірден құқық қорғау органдарының қызметкерлері объектіні қоршауға алып, адамдарды эвакуациялап, шұғыл қызметтер іске қосылады, рейстер тоқтатылады немесе кешіктіріледі", - деп түйіндеді сөзін ведомство басшысы.
Сондай-ақ, ол терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл түрінде не сол мөлшерде түзеу жұмыстарымен не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеумен не сол мерзімге бас бостандығынан айырумен қылмыстық жауаптылықты көздейтінін еске салды. Сонымен қатар, жалған террористер сот шешімі бойынша оқиға орнына жұмылдырылған жедел әрекет ету қызметтерінің барлық шығындарын толық көлемде өтейді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.