13.04.2023, 09:07 33496

Қазақстанда бір жыл ішінде тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны азайды

Қазақстанда бір жыл ішінде тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны азайды
2023 жылғы наурызда тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 24 273 мәміле тіркелген

Астана. 13 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстанда 2023 жылғы наурызда тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 24 273 мәміле тіркелген. 2023 жылдың басынан бастап тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны бір деңгейде сақталады, бірақ 2022 жылдың ұқсас деңгейінен едәуір төмен. Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы хабарлайды.

2023 жылғы наурыз айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 24 273 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша 6 275 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 17 998 мәміле жасалды. 2023 жылдың ақпанымен салыстырғанда (24 118) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 0,6%-ға өсті.Мәмілелер саны бойынша Алматы (4 392 - 18,1%) және Астана (3 664 - 15,1%) қалалары әлі де көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз - 247 бірлік (1%).

2023 жылдың ақпан айымен салыстырғанда наурызда ең көп өсім Солтүстік-Қазақстан (26,8%), Жетісу (26,4%) және Абай облыстарында (18,2%) тіркелді. Бір айдағы ең үлкен төмендеу Ақтөбе облысында (-18,6%), сонымен қатар, мәмілелер саны бойынша біріншілігіне қарамастан, Астана қаласында (-12,9%) және Маңғыстау облысында (-11,1%) орын алды.

2023 жылдың наурызында көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны бойынша жағдай тұрақты (2023 жылдың ақпанымен салыстырғанда тек 0,3%-ға көбейген). Наурыз айында пәтерлер бойынша барлығы 17 998 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 74,1%-ы. Бөлмелер саны бойынша жыл басынан алғашқы рет 2 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды, наурыз айында олардың 6 642-сі ресімделді. Сауданың негізгі үлесі Алматы және Астана қалаларына (41,5%) тиесілі.

2023 жылдың ақпан айымен салыстырғанда жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны, 1,6%-ға (101 мәмілеге) өсіп, 6 275-ті құрады. Сандық мәнде ең үлкен өсім Алматы қаласында (+79 мәміле), ең үлкен төмендеу Маңғыстау облысында (-87 мәміле) байқалды.

2023 жылдың наурызында тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері алдыңғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 64,2%-ға азайған, ол кезде 67 801 мәміле ресімделген болатын. Қарағанды облысында төмендеудің ең үлкен көрсеткіші (-79%) байқалды. Сонымен қатар, теріс көрсеткіш еліміздің барлық аймақтарында тіркелді. Теріс динамика 2023ж. қаңтар-наурыз айларындағы мәмілелер санының 2022ж. қаңтар-наурыз айларындағы мәмілелер санымен салыстырғанда да орын алды және -50,8%-ды құрады.

Бұған дейін Қазақстанда қайталама тұрғын үй бағасы бір жылда 7,3%-ға өскені хабарланған болатын.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны