11.08.2021, 18:05 13282

Қазақстанда инфляция 2017 жылдан бері рекордтық деңгейге жетті

НҰР-СҰЛТАН. 11 ТАМЫЗ - Қазақстандағы инфляция биылғы маусымда 7,9%-ке дейін күрт көтерілгеннен кейін өсуді жалғастырып, шілдеде 2017 жылдан бері ең жоғары мән – 8,4%-ке жетті. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Ұлттық Банк басшысы көкөністердің жекелеген түрлері бағасының жазғы айларға тән емес күрт қымбаттауы нәтижесінде биылғы шілдеде 10,6%-тен 11%-ке дейін ұлғайған азық-түлік инфляциясы жылдық бағаның өсуіне бұрынғысынша көп үлес қосқанын хабарлады. Ет пен өсімдік майының қымбаттауы да қосымша қысым көрсетуді жалғастыруда.
 

Азық-түлік нарықтарында теңгерімсіздіктердің жиі орын алуы, шикізатқа әлемдік бағаның өсуді жалғастыруы және негізгі сауда серіктестері болып табылатын елдерде, әсіресе Ресейде инфляциялық аяның жоғары болуы аясында инфляцияның жеделдеуі орнықты сипатқа ие болуда", — деді Е. Досаев.

 
Азық-түлікке жатпайтын инфляция ұзақ уақыт пайдаланылатын тауарлар және жанар-жағар май бағасының өсу қарқынының жеделдеуіне байланысты 6,9%-тен 7,2%-ке дейін өсті. Ақылы қызметтер инфляциясы коммуналдық қызметтерге тарифтердің өсуі және жекелеген нарықтық қызметтердің қымбаттауы аясында 5,6%-тен 6,1%-ке дейін жеделдеді. 
 
Азық-түлік, жанар-жағар май бағаларының айтарлықтай өсуін, электр энергиясы бағасының көтерілуін, фискалдық ынталандырудың барынша күшеюін және инфляциялық күтулердің жоғарылауын ескере отырып, Ұлттық Банктің алдын-ала бағалауы бойынша инфляция 2021 жылдың соңына таман 6-7% дәлізінде күтіледі. Биылғы тамыз-қыркүйекке жоспарланған алдағы болжамды раунд шеңберінде жаңартылған болжамдар берілетін болады.
 
Досаев инфляциялық процестердің айтарлықтай жеделдеуі жағдайында, жүргізіліп отырған ақша-кредит саясаты шеңберінде баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Ұлттық Банк биылғы 26 шілдеде базалық ставканы 9,25%-ке дейін 25 базистік тармаққа арттыру туралы шешім қабылдағанын еске салды. 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны