13.03.2025, 17:31 4196

Тоқаев Presight.AI басшысымен суперкомпьютер мен Smart City құру мәселесін талқылады

https://akorda.kz/kz/memleket-basshysy-presightai-kompaniyasynyn-baskarma-toragasy-tomas-pramotedhamdy-kabyldady-1325428
Тоқаев Presight.AI басшысымен суперкомпьютер мен Smart City құру мәселесін талқылады
Мемлекет басшысы Presight.AI компаниясының басқарма төрағасы Томас Прамотедхамды қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.

Кездесу барысында Қазақстанда өнімділігі жоғары есептеу, цифрлық трансформация және озық технологияларды енгізу бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері қарастырылды.

Президент цифрлық инфрақұрылымды дамытудың маңызын атап өтіп, елімізде суперкомпьютер кластерінің негізін қалау стратегиялық мәнге ие екеніне тоқталды.

Томас Прамотедхам Қасым-Жомарт Тоқаевқа аталған жобаның жүзеге асырылуы жөнінде мәлімет берді.

Технологияны локализациялау және қазақстандық компанияларды бірлескен жобаларға тарту мәселелеріне айрықша назар аударылды. Presight.AI басқарма төрағасы отандық IT-компаниялардың біліктілік деңгейін жоғары бағалады және олармен ұзақмерзімді серіктестік құруға қатысты ниетін растады.

Сонымен қатар Астана әкімдігімен бірлесе атқарылатын Smart City жобасы талқыланды. Мемлекет басшысы қала инфрақұрылымын басқару ісіне жасанды интеллект шешімдерін пайдалануға қолдау білдірді. Атап айтқанда, Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығының базасында қала қызметтерінің тиімділігін арттыратын ахуал орталығы құрылмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің цифрлық трансформациясына және технологиялық өрлеуіне септігін тигізетін негізгі бастамалар аясындағы ынтымақтастықты жалғастыру маңызды екенін айтты.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны