29.12.2021, 13:48 48686

2022 жылы Қазақстанда ТМД Электр энергетикалық кеңесінің отырысы өтеді

Кеңесте жаһандық климаттық күн тәртібі мен ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде жүргізіліп жатқан Климаттық саясат мәселелері талқыланды.
НҰР-СҰЛТАН. 29 ЖЕЛТОҚСАН - 28 желтоқсанда бейнеконференция форматында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Электр энергетикалық кеңесінің (ТМД ЭЭК) 59-шы отырысы өтті, онда 2022 жылы Қазақстан Республикасында ТМД Үкімет Басшылары Кеңесінің отырысы өтетін кезде ТМД Электр энергетикалық кеңесінің бетпе-бет кездесуін өткізу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Кеңесте Қазақстан атынан ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев қатысты. Кеңесте жаһандық климаттық күн тәртібі мен ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде жүргізіліп жатқан Климаттық саясат мәселелері талқыланды.
 
Отырыста Мағзұм Мырзағалиев Қазақстан Республикасының энергетикалық секторын карбонсыздандыру туралы баяндама жасап, онда Қазақстанның алдында тұрған төмен көміртекті дамуға көшу, кейіннен көміртексіз экономикаға айналдыру жөніндегі маңызды міндет туралы атап өтті.
 
Мағзұм Мырзағалиев Мемлекет басшысының 2020 жылғы желтоқсанда БҰҰ-ның климаттық мәселелер жөніндегі саммитінде белгіленген 2060 жылға қарай Қазақстанның көміртекті бейтараптыққа қол жеткізуі жөніндегі мақсатына қол жеткізуге бағытталған іс-шаралар туралы айтты.
 
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының көміртегі бейтараптығына 2060 жылға дейін қол жеткізу Доктринасы әзірленуде, онда терең карбонсыздандыру бойынша шаралар көзделген.
 
Энергетикалық сектордағы парниктік газдар шығарындыларын азайту және төмен көміртекті экономикаға көшу жөніндегі жоспарлар базалық та, маневрлік те генерацияны енгізу жөніндегі бірқатар жобаларды іске асыру жолымен жүзеге асырылатын болады.
 
Осылайша, жақын болашақта негізінен жаңартылатын энергия көздерін, сондай-ақ газ генерациясы бойынша бірқатар жобаларды салу болжанып отыр.Энергия жүйесін реновациялау жөніндегі осы тұжырымдама Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген Қазақстан Республикасының 2035 жылға дейінгі энергетикалық балансында көрсетілген.
 
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет Қазақстан Республикасының гидроэнергетикалық саласын дамытудың 2020-2030 жылдарға арналған жоспарын бекітті. Іске асырылатын және перспективалық жобаларды қосу үшін электр желілерінің жай-күйін, құрылысын салу және жаңғырту қажеттілігін талдау бойынша жұмыс жүргізілуде.
 
Жалпы, 2030 жылға қарай келесі көрсеткіштерге қол жеткізу жоспарлануда:
 
- ЖЭК-тен электр энергиясын өндіру үлесінің 15%;
 
- газ генерациясының 25% үлесі.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны