20.06.2022, 16:54 11256

Қазақстан Ұлттық Банкі лездік төлемдер жүйесін іске қосты

Қазақстан Ұлттық Банкі лездік төлемдер жүйесін іске қосты
Сурет: Depositphotos
НҰР-СҰЛТАН. 20 МАУСЫМ - Қазақстан Ұлттық Банкі 24/7 режимінде әр түрлі банктердің клиенттері арасында жедел аударымдар мен төлемдерді жүргізу үшін лездік төлемдер жүйесінің (ЛТЖ) жаңғыртылған платформасы өнеркәсіптік қолданысқа берілгенін хабарлайды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Ұлттық Банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Жүйе қаржылық қызметтерді тұтынушыларға қызмет көрсететін қандайда бір банкке қарамастан, онлайн қолжетімді болуы үшін және төлем құралдарын пайдаланатын ыңғайлы әрі қарапайым төлем сервисін ұсыну мақсатында әзірленген. Жүйенің функционалдығы ұялы телефон нөмірі арқылы аударымдарды және әртүрлі банктің клиенттері арасында QR-код арқылы төлемдерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. ЛТЖ қаржы институттары ұсынатын цифрлық қызметтердің ауқымын дамытып, кеңейтуге негіз бола алады.
 
Сервистерді іске қосу 2 кезеңде жүзеге асырылады:
 
- бірінші кезең – жеке тұлғалардың телефон нөмірі бойынша аударымдар (P2P-аударымдар);
 
- екінші кезең – QR-код арқылы қолма-қол ақшасыз төлемдер (ұлттық QR-код стандартына сәйкес) және сауда ұйымдарының пайдасына жаңа төлем сценарийлерін, оның ішінде сұраныс бойынша төлемдерді жүзеге асыру.
 
Сервистердің қолжетімділігі туралы ақпаратты клиентке қызмет көрсетуші банктің өзі хабарлайды. Телефон нөмірі бойынша аударым жасау үшін ақша жөнелтушіге өз банкінің – ЛТЖ қатысушысының ұялы қосымшасында алушының ұялы телефон нөмірін енгізіп, аударым сомасын және алушының банкін көрсету жеткілікті болады. Аударылған ақша алушыға оның ЛТЖ қатысушы банктегі шотына лезде түседі. Ал, банктер өз клиенттері үшін P2P-аударым қызметтерінің тарифін дербес белгілейді.
 
Бүгінгі таңда екінші деңгейлі 9 банк ЛТЖ-ға қатысу туралы келісім жасасты, оның 4-і өз клиенттеріне ЛТЖ қосып қойды, қалған 5 банк қосылу процесінде. Жаңа қызмет осы банктердің мобильді қосымшаларындағы ішкі процестердің жетілдірілуіне қарай пайда болады.
 
Қазақстандық басқа да банктерге ЛТЖ қосу келісілген кестеге сай жоспарлы түрде іске асырылады, деп атап өтті Ұлттық Банкте. 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны