23.08.2022, 15:07 19291

Қазақстанда 18,3 млн тонна астық жинау жоспарланған

Оның ішінде бидай 13,4 млн тоннадан асады деп күтілуде.
НҰР-СҰЛТАН. 23 ТАМЫЗ - Қазақстан Республикасында жалпы астық жинаудың болжамды көлемі 18,3 млн тонна деңгейінде болады деп күтілуде, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Облыстар әкімдіктерінің деректеріне сәйкес, дәнді дақылдардың жалпы жиналымының болжамды көлемі 18,3 млн тонна болады, оның ішінде бидай 13,4 млн тоннадан асады деп күтілуде. Бұдан басқа, республикада 3,1 млн тонна көлемінде ауыспалы астық қалдығы, оның ішінде 2,5 млн тонна бидай бар", - деді Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Үкімет отырысында.

 
Ауыспалы қалдықтарды ескере отырып, жалпы астық жинаудың күтілетін көлемі республиканың ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз ету, сондай-ақ астықтың белгілі бір көлемін экспортқа шығарып, тиісінше дәстүрлі нарықтарымыздағы сауда позицияларымызды сақтау үшін жеткілікті.
 

Республикада астықты сақтаудың жалпы сыйымдылығы 29,1 млн тоннаны, оның ішінде астық қабылдау кәсіпорындарында 12,6 млн тоннаны, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде 16,5 млн тоннаны құрайды. Көрсетілген сақтау сыйымдылығы өткен жылдардағы ауыспалы қалдықтарды ескере отырып, болжамды егінді сақтау үшін жеткілікті", - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі.

 
Ол облыс әкімдіктері жаңа астықты қабылдауға астық сақтау орындарының дайындығын қамтамасыз етуі қажет екенін айтты.
 

Әлемде қалыптасқан геосаяси жағдайға, сондай-ақ бірқатар елдерде дәнді дақылдар өндірісінің төмендеуіне байланысты алдымызда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша маңызды міндет тұр", — деді ауыл шаруашылығы министрі.

 
Ербол Қарашөкеев хабарлағандай, егін жинау науқанын табысты өткізудің негізгі мәселесі – фермерлерді қаражатпен қамтамасыз ету болып табылады.
 

Биыл "Аграрлық несие корпорациясы" акционерлік қоғамы желісі бойынша көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын қаржыландырудың жалпы сомасы 140 млрд теңгені құрайды. Бүгінгі таңда "Кең дала" бағдарламасы аясында 110,0 млрд теңге сомасына 3,7 мыңнан астам өтінім қаржыландырылды", - деді министр.

 
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биыл Азық-түлік корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырды, соның арқасында Азық-түлік корпорациясының ресурстарына 1 137,3 мың тонна көлемінде астық жеткізуге келісімшарт жасалды, ол үшін 80 млрд теңге бөлінді. 
 

Бұл ретте Азық-түлік корпорациясында 362,8 мың тонна көлемінде резервтік астық қоры бар. Аталған астық көлемі қажет болған жағдайда ішкі нарықты тұрақтандыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ішкі нарыққа жіберілетін болады", - деді Ербол Қарашөкеев.

 
Сондай-ақ, Үкімет отырысы барысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жалпы биыл мал азығын дайындау жұмыстары үшін ауа райының қолайлы болып тұрғанын айтты.
 

Дегенмен Маңғыстау және Атырау облыстары графиктен кешігіп келеді. Бұл өңірлер жұмыс қарқынын күшейтуі керек. Үкіметтің егін орағын қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдаған", — деді Әлихан Смайылов.

 
Оның айтуынша, биылғы болжам бойынша, астықтың түсімі орташа жылдық көрсеткіштен жоғары болуы керек. 
 

Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктердің басты міндеті – егін орағын уақытында және сапалы өткізу. Сондай-ақ, элеваторлардың астықты қабылдауға және сақтауға дайын болуын қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері мен "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясына өңір әкімдіктерімен бірлесіп, вагондармен қамтамасыз ету және логистика мәселесін шешу жұмыстарын жүргізуді тапсырамын", - деді Премьер-Министр.

 
Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне Азық-түлік келісімшарт корпорациясымен бірлесіп, қыс мезгіліне жем-шөп қорын уақытылы жасақтау шараларын қабылдау әрі олардың бағасының тұрақты болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны