Қазақстанда азық-түлік тауарларының бағасы бір жылда 18%-ға жуық өсті
Сәуірде тұтыну бағаларының индексі айлық мәнде 0,9% құрады, тиісінше көрсеткіш наурыз деңгейінде сақталды
Астана. 2 мамыр. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстанда жылдық мәнде азық-түлік тауарларының бағасы 17,9%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 18,2%, ақылы қызметтер 13,7% өсті, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі.
Бюроның мәліметі бойынша, жылдық мәнде инфляция деңгейі қатарынан екінші ай баялауп келеді: 2023 жылғы сәуірде - 16,8%, 2023 ж. наурызда - 18,1%, 2023 ж. ақпанда - 21,3%.
Сәуірде тұтыну бағаларының индексі айлық мәнде 0,9% құрады, тиісінше көрсеткіш наурыз деңгейінде сақталды. Индекс құрылымында азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 1,3%-ға, азық-түлік тауарлары - 0,9%-ға, ақылы қызметтер - 0,4%-ға өсті.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде сәуірде бағаның ең жоғары өсімі дизель отынына - 16,1%, бензинге - 9,7% болды. Наурыз айымен салыстырғанда жуу және тазалау құралдары 1,4%, жеке гигиена құралдары 1,1%, ыдыс-аяқ 1%, тұрмыстық техника 0,9% өсті", - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Азық-түлік тауарлары арасында жеміс пен көкөніс бағасы едәуір өскен, сәуірде қырыққабат 4,7%, қызанақ 4,1%, жүзім 3%, алма 2,6%, алмұрт 2,4% қымбаттаған. Бағаның өсуі күрішке - 2,7%, салқындатылған сусындарға - 2,5%, рожкилерге, ультрапастерленген сүтке - әрқайсысы 2,4%-дан, салқындатылған балыққа - 2,2%, пастерленген сүт, макарон өнімдеріне - әрқайсысы 2,1%-дан байқалды. Бұл ретте қияр - 11,4%, қарақұмық жармасы - 3,7%, күнбағыс майы 2,6%-ға арзандады.
Қызмет көрсету бойынша бағалардың өсуі жолаушылар әуе көлігінде байқалды, бір айдың ішінде ұшу қызметі 17,7% қымбаттады. Бағаның жоғарылауы шаштараз бен сұлулық салондарында - 1,5%, жерлеуге байланысты салт-жора жасау қызметтерінде - 1% тіркелді. Санаторий қызметтері - 1,1%, денсаулық сақтау қызметтері 0,9% қымбаттаған", - деді бюро.
Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Абай және Ұлытау облыстарында - әрқайсысында 1,4%-дан (орташа республикалық деңгейден 0,5 п.т. жоғары), ең төменгі Астана қаласында тіркелді - 0,5%.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, өңірлер бойынша азық-түлік тауарлары бағасының ең жоғары өсімі Батыс Қазақстан облысында - 1,8%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша Алматы облысында - 3%, ақылы қызметтерде Түркістан облысында - 2,3%.
2022 жылғы сәуірмен салыстырғанда кеңсе тауарлары - 68,5%, кір сабын - 59,3%, шақпақ қант - 51,7%, ыдысты жууға арналған құралдар - 51,6%, қиярлар - 50,9%, балалар сабыны - 49,6%, күріш - 43,9%, кір жуу ұнтағы - 43%, дәретхана қағазы 42,7%-ға қымбаттады. Жылдық мәнде, керісінше, қырыққабат - 53,4%, сәбіз 19,2% арзандады.
Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткіші ай сайын есептеледі. Тұтыну бағаларының индексін есептеу кезінде пайдаланылатын тауарлар мен қызметтер себеті 508 тауар мен қызметтен тұрады, мұнда 160 - азық-түлік тауарлары, 243 - азық-түлікке жатпайтын тауарлар және 105 - ақылы қызметтер. Бағаларды тіркеу барлық облыс орталығында, астанада және қалалар мен аудан орталықтарында әртүрлі меншік нысанындағы сауда және қызмет көрсету кәсіпорындарының іріктемелі желісі бойынша жүргізіледі", - деп түсіндіреді Бюроның баға статистикасы департаментінің директоры Қуанышбек Жақыпбекұлы.
Бұған дейін Мемлекет басшысы соңғы 15 жылда азық-түлік тауарлары бағасының бұрын-соңды болмаған өсімін атап өткен болатын.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.