15.02.2022, 16:30 12231

Қазақстанда мемлекеттік сатып алуға қатысу лимитін енгізу жоспарлануда

Нарықтағы монополияны болдырмау үшін сатып алуға қатысу лимиті белгіленеді.
Қазақстанда мемлекеттік сатып алуға қатысу лимитін енгізу жоспарлануда
НҰР-СҰЛТАН. 15 АҚПАН - Нарықтағы монополияны болдырмау үшін сатып алуға қатысу лимиті белгіленеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты.
 

Мемлекеттік сатып алу процесі толығымен электронды форматқа көшірілді. Бүкіл процесс айқын және барлығына қолжетімді. Қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде соңғы жылдары бір көзден тікелей сатып алу үлесі 64-тен 39 пайызға дейін қысқарды. Осы жылдан бастап тікелей сатып алудың тағы 6 негізі Заңнан алынып тасталды. Сатып алуды бәсекелестік тәсілмен басым түрде жүзеге асыру туралы талаптар, сондай-ақ бірінші басшысының бір көзден сатып алуды негізсіз қолданғаны үшін жауапкершілігі белгіленді", - деді Ерұлан Жамаубаев. 

 
Оның атап өтуінше, сатып алу процесін жетілдіру мақсатында электрондық дүкен түріндегі жаңа тәсілдер енгізілді. Сондай-ақ негіздемелік келісімдер және конкурстың рейтингтік-балдық жүйесі енгізіліп жатыр. 
 

Бір күндік фирмалардың сатып алуға қатысуын шектейтін қаржылық тұрақтылық көрсеткіші белгіленді. Құрылыс саласындағы жеткізушілердің жұмыс тәжірибесін автоматты түрде есептеу үшін электрондық депозитарий енгізілді. Нарықтағы монополияны болдырмау, сондай-ақ шағын және орта бизнестің өсуіне мүмкіндік беру мақсатында сатып алуға қатысу лимитін белгілеу жоспарлануда. Бір көзден сатып алуды одан әрі қысқарту жалғасатын болады", - деді ол. 

 
Министр жеткізушілерге қойылатын жоғары талаптарды болдырмау және сапалы тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу үшін біріздендірілген техникалық ерекшеліктерді кеңінен қолдану жоспарланып отырғандығын айтты. 
 

Бұдан басқа, 2023 жылдан бастап өмірлік цикл құнын пайдалана отырып, сатып алудың жаңа тәсілі енгізілетін болады. Бұл да сапалы тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуға ықпал етеді. Тапсырыс берушілерге қоғамдық бақылауды және сатып алуды жүзеге асыру сапасын арттыру мақсатында мемлекеттік органдардың тиімділік рейтингін жүргізу және оны жариялау ұсынылады", - деді Ерұлан Жамаубаев.

 
Ақпарат көзі: inform.kz 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны