12.08.2022, 16:29 17701

Қазақстанда жыл басынан бері қант 86,6%-ға қымбаттады

Қазақстанда жыл басынан бері қант 86,6%-ға қымбаттады
НҰР-СҰЛТАН. 12 ТАМЫЗ - Жұмыс істеп тұрған қант зауыттарының өндірістік қуаты шикізатпен тұрақты қамтамасыз етіліп, ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандыруға жеткілікті. Бұл туралы ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мәлімдеді.
 

Жыл басынан бері қант бағасының өсуі 86,6% болды (2021 жылдың сәйкес кезеңінде – 11,9%). Бүгінде қант бағасының өсу қарқыны төмендеді, бірақ өсу динамикасы сақталып тұр. 2022 жылғы шілдеде бөлшек сауда бағасының өсуі 5,3% деңгейінде болды", - деп хабарлады ҚР БҚДА баспасөз қызметі.

 
Қазақстанда қант өндірудің негізгі көлемін екі аймақта орналасқан төрт қант зауыты жүзеге асырады:
 
Жамбыл облысында – "Тараз қант зауыты" (қант құрағынан өндіру) және "Меркен қант" ЖШС (құрақ + қызылша);
 
Алматы облысында – "Көксу қант зауыты" ЖШС (қамыс + қызылша) және "Ақсу Кант" ЖШС (қызылша).
 

Жұмыс істеп тұрған қант зауыттарының өндірістік қуаты шикізатпен тұрақты қамтамасыз етіліп, ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандыруға жеткілікті. Отандық шикізаттың да, импорттық шикізаттың да тапшылығы импорттық шикізатты сатып алу үшін қажет зауыттардың айналым қаражатының жеткіліксіздігінен дамыды", - деді ҚР БҚДА баспасөз қызметінде.

 
Зауыттардың пікірінше, бұл мәселе валютаның құбылмалылығымен, логистикалық шығындардың өсуімен, шикізат бағасының өсуімен асқынып, қолда бар қуатты толық пайдалануға кедергі жасайды.
 
Қант зауыттарының шикізатты сатып алуы тапсырыс берушілер (көтерме сатып алушылар) есебінен жүзеге асады. Елде өндірілетін қанттың негізгі көлемін ірі көтерме жеткізуші сатып алды, ол Қазақстанда өндірілетін қанттың 90%-ына келісімшартқа отырды.
 

Көтерме сауда нарығына жүргізілген талдау нәтижесіне сәйкес, көтерме жеткізушінің әрекетінен тауардың айналымнан алыну белгілері байқалады, соның салдарынан қант бағасы көтерілді. Бұл ретте басқа өңірлік көтерме жеткізушілер мен бөлшек сауда желілерінің өндірілген қантына қол жеткізу шектелді", - деп атап өтті ҚР БҚДА.

 
ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабына сәйкес үстем немесе монополиялық жағдайды иеленетін нарық субъектілерінің бәсекелестікті шектеуге және жоюға әкелген немесе әкеп соқтыратын әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) тыйым салынады.
 
Агенттік монополияға қарсы заңнаманы бұзу дерегі бойынша тергеу тағайындады.
 

Монополияға қарсы органға келіп түскен көтерме жеткізушінің өтінішін қарау нәтижесі бойынша "Тараз қант зауыты" ЖШС-нің үстем жағдайды теріс пайдалануы, көтерме жеткізушімен шарт жасасудан жалтару белгілері анықталды", - деп хабарлады баспасөз қызметі.

 
Жамбыл облысы бойынша, Монополияға қарсы департаменті өндірушіге шарт жасасудан негізсіз бас тарту бөлігінде бұзушылық белгілерін жою туралы хабарлама берді.
 
Сонымен қатар Жамбыл облысы бойынша монополияға қарсы департаменті талдау нәтижелері бойынша "Тараз қант зауыты" ЖШС және "Меркен қант" ЖШС-де бәсекеге қарсы келісілген іс-әрекеттер – бағаны белгілеу және ұстауды бұзу белгілерін анықтады.
 
26 шілдеде қант өндіретін зауыттардың деректеріне қатысты хабарламалар берілді.
 
Жалпы монополияға қарсы орган қант нарығына 18 хабарлама беріп, екі тексеруге нұсқау тағайындап, монополияға қарсы сәйкестік бойынша сегіз актісін бекітті.
 
Қант биржалық тауарлар тізбесіне енгізілген. Қанттың ең аз жеткізілім лоты 60 тонна және одан көп, оны өткізу тек тауар биржасы арқылы жүзеге асырылады.
 

Талдау барысында "Тараз қант зауыты" ЖШС 2022 жылдың мамыр айынан бастап тауар биржасы арқылы өнім сата бастағаны анықталды. 2022 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында зауыт қантты тауар биржасынан тыс сатты. Сол сияқты қантты тауар биржаларынан тыс сатуды "Меркен қант" ЖШС, "Ақсу Кант" ЖШС, "Көксу қант зауыты" ЖШС жүргізген. Осыған байланысты төрт қант өндірушінің де әрекетінен әкімшілік құқық бұзушылық белгілері байқалады", - деді ведомствода.

 
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Сауда және интеграция министрлігіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 268-бабы, 3-бөлігі Биржалық тауарлар тізбесіне енгізілген тауарларды тауар биржаларынан тыс өткізу фактісі бойынша қант зауыттарына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау және қарау туралы мәселені қарау қажеттігі туралы материалдар жіберді.
 
Ақпарат көзі: zakon.kz
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны