Қазақстандық кәсіпкерлер Сианьда жалпы құны 98 млн АҚШ долларын құрайтын келісімге қол қойды
Сиань қаласында өткен сауда экономикалық миссия қорытындысы бойынша қазақстандық кәсіпкерлер $98 млн-ға келісімшарт жасасты, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметінен.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 6,8%-ға артып, $43,8 млрд-қа жетті. Өткен жылы ШЫҰ саммитінде екі ел басшылары бұл көрсеткішті $80 млрд-қа жеткізу міндетін қойған болатын.
2024 жылы Қазақстан мен Қытайдың Шэньси провинциясы арасындағы өзара тауар айналымы $382,3 млн-ды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ($157 млн) 2,4 есеге артты.
Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің Шэньси провинциясының әкімшілік орталығы Сиань қаласына бизнес-делегацияны бастап баруы - Оңтүстік-Шығыс Азия бағытындағы экспорттық жолда маңызды көлік-логистикалық торап болып саналатын Шэньси провинциясымен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ықпал етті.
Сапардың бірінші күні, 1 сәуірде, ҚКП партия комитетінің хатшысы, Шэньси провинциясы халық өкілдері жиналысының төрағасы Чжао Идэмен кездесу өтті.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының отырысынан кейін әріптесіммен бірге бұл мақсатқа қалай қол жеткізуге болатынын талқыладық және бірлесіп парадигманы өзгерту қажет деген ортақ шешімге келдік. Тек сауда-саттықпен ғана шектелмей, инвестицияларға да көңіл бөліп, бірлескен өндірістерді іске қосуымыз керек. Осы арқылы тауар айналымын арттыру мүмкіндіктері кеңейеді. Біз өңірлендіру қағидатын қолдана бастадық", - деді Арман Шаққалиев.
Нәтижесінде, өткен жылы СИМ басшысы Қытайдың жеті провинциясына сапар жасап, әрқайсысында 3-4 ірі компания анықталып, қытайлық тараппен бірлесіп өзара сауда, өндірістік кооперация және инвестиция тарту бойынша тауарлар тізімі жасалды.
Чэнду қаласында қол жеткізілген келісімдер нәтижесінде тауар айналымын 50%-дан астамға, ал Нанкинде - 3,5 есеге арттырдық. Шэньси провинциясымен де ынтымақтастық кеңейеді деп сенемін. Біз $490 млн астам сомаға 16 түрлі өнім бойынша ұсыныс әкелдік. 30 күнге дейін визасыз режимнің енгізілуі туризм мен іскерлік байланыстардың дамуына үлкен серпін береді", - деп атап өтті ҚР Сауда және интеграция министрі.
Тараптар мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық бірқатар бағыттарда, соның ішінде көлік секторында белсенді дамып келе жатқанын айтты. Өткен жылы Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға шамамен 300 пойыз жөнелтілсе, 2025 жылдың алғашқы екі айында 111-ден астам пойыз жіберілген.
Сапардың екінші күні - 2025 жылдың 2 сәуірінде Сиань қаласында Қазақстанның сауда-экономикалық миссиясы (СЭМ) өтті. B2B-кездесулердің қорытындысы бойынша қазақстандық компаниялар $98 млн сомасына экспорттық келісімшарттарға қол қойды.
Бұл сауда миссиясы алғаш рет шетелдік мекеме - Қазақстан Республикасының Бас консулдығының базасында өткізілді. Екі жыл бұрын дәл осы ғимаратта Мемлекет басшысының қатысуымен қазақстандық тауарлардың шоурумы ашылған болатын. Миссияға Қазақстаннан 60-тан астам, Қытайдан 100-ден астам кәсіпкер қатысты.
Сауда-экономикалық миссия аясында QazTrade ұйымдастырған көрме үш қазақ киіз үйі форматында өткізілді. Онда негізінен азық-түлік саласындағы 50-ге жуық қазақстандық компания өз өнімдерін таныстырды. Ұн, майлы және дәнді дақылдар - Қытай нарығында жоғары сұранысқа ие. Бұл өнімдер Қазақстанның Қытайға бағытталған стратегиялық экспортының негізін құрайды және отандық өндірушілер үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда.
СЭМ қорытындысы бойынша QazTrade Шэньси провинциясы Халықаралық саудаға жәрдемдесу комитетінің Сауда-өнеркәсіп палатасымен және AIJU Grain and Oil Industry Group компаниясымен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды. Бұл келісімдер Қазақстан мен Қытайдың бизнес өкілдері арасында тікелей байланыс пен тығыз әріптестік орнатуға мүмкіндік береді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.