20.05.2021, 22:39 52050

Ұлттық банк: кәсіпорындардың іскерлік белсенділігін Қазақстан экономикасының жай-күйіне қанағаттанбаушылығы тежейді

Өңдеу өнеркәсібі мен сауда саласы өнімге деген сұранысқа байланысты елеулі проблемаларды бастан кешіп отыр.
НҰР-СҰЛТАН. 20 МАМЫР - ҚР ҰБ Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Жандос Шаймарданов 2021 жылдың І тоқсанында экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындарға жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша (салалық конъюнктуралық шолу) түсініктеме берді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР ҰБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Кәсіпорындар арасында Ұлттық Банк жүргізген сауалнаманың нәтижелері бойынша, 2021 жылдың I тоқсанында ауыл шаруашылығынан бөлек барлық салада дайын өнімге деген сұранысқа қатысты ахуал жақсара түсті. Тау-кен өнеркәсібінде, құрылыста, саудада және көлікте сұраныс оң аймаққа өтті. II тоқсанда тау-кен өнеркәсібі мен көлікте сұраныс өсетіні, өңдеу саласы мен саудада қарқыны баяулайтыны, ал ауыл шаруашылығы мен құрылыста сұраныс төмендейтіні күтіледі.
 

Қарастырылып отырған барлық салада өндіріс көлемінің төмендегені байқалып, диффузиялық индекс төмендеп келеді. Әсіресе, тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі едәуір төмендей түскен. Дегенмен, 2021 жылдың II тоқсанында барлық сала өндіріс көлемінің өсетінін болжайды. Барлық салада бәсекелестіктің маңыздылығы, әдеттегіше, жоғары деңгейде сақталып отыр", - деді Шаймарданов.

 
Оның пікірі бойынша, сауда кәсіпорындары нарықтық бәсекенің ықпалына көп ұшырайды, кәсіпорындардың 42,0%-ы өз бизнесіне бәсекелестіктің әсері барын сезініп отыр. Өңдеу өнеркәсібінде мұндай кәсіпорындардың үлесіне 31,4%, көлік үлесіне 29,5%, құрылыс үлесіне 27,4% тиесілі. Ең аз үлес ауыл шаруашылығы мен тау-кен өнеркәсібінде байқалды (тиісінше 17,3% және 15,2%).
 

Кәсіпорындардың басым бөлігі (33,9%) үшін олардың іскерлік белсенділігін тежейтін басты кедергі – Қазақстан экономикасының жай-күйіне қанағаттанбау. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібі мен сауда саласы өнімге деген сұранысқа байланысты елеулі проблемаларды бастан кешіп отыр (тиісінше 30,6% және 27,9%), ал ауыл шаруашылығы кәсіпорындары білікті кадрлардың жетіспейтінін (26,5%) алға тартады", - деді департамент басшысы.

 
Келесі 12 айда барлық сала бойынша қаржыландыру, негізінен, бұрынғы көлемде сақталады, бұл ретте қаржыландырудың барынша ұлғаюы өңдеу және тау-кен өндіру өнеркәсібінде, ең аз қаржыландыру құрылыс пен саудада жоспарланып отыр.
 
Сауалнамаға барлығы 2,6 мыңнан астам өндіруші мен өңдеуші кәсіпорын, құрылыс, сауда, ауыл шаруашылығы, көлік және қоймаға сақтаушы кәсіпорындар қатысты.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны