ҚР Ұлттық Банкі рубль бағамын "ұстамайды"
Маусым айында рубльдің бағасы барлық валютаға, ең алдымен, АҚШ долларына қатысты айтарлықтай нығайды. Осындай нығаю Ресей Федерациясында енгізілген капитал қозғалысын шектеу шаралары, энергия ресурстарын қоса алғанда, негізгі экспорттық тауарлардың жоғары бағалары аясында, импорттың айтарлықтай қысқаруымен бірге орын алды. Бұрын енгізілген валюталық шектеулердің айтарлықтай жеңілдеуіне қарамастан, Ресей рублі мұнай мен газдың жоғары бағасы мен импорттың төмен көлемі аясында нығаюын жалғастырды", - деді Ғалымжан Пірматов.
Ол өз кезегінде, теңгенің Ресей рубліне қатысты айырбас бағамы тікелей қалыптаспайтынын, ол теңге мен рубльдің долларға қатысты бағамына қарай жекелей қалыптасатынын атап өтті.
Теңге/рубль нарығы дербес қалыптасу үшін біздің мемлекеттер арасындағы сауда-саттық теңесуі қажет. Ал қазір біздің Ресейден әкелетініміз Ресейге апаратынымыздан әлдеқайда көп және біздің тауар сатушыларымыз өз тауарларын Ресейге сатқанда теңгеге емес, валютаға сатқанды таңдайды. Сондықтан теңгеге деген сұраныс төмен", - деп нақтылады Ұлттық Банк басшысы.
Оның айтуынша, құбылмалы айырбас бағамы саясатын ұстану – теңгерімсіздіктердің жинақталуын болдырмайды және сонымен қатар елдің алтын-валюта резервтерін сақтауға мүмкіндік береді.
Сондықтан рубльмен немесе кез келген басқа валютамен паритетке әсер ету мақсатында ұлттық валютаның айырбас бағамы бойынша кез келген амалды жасауға жол берілмейді", - деді Ғалымжан Пірматов.
Ол сондай-ақ доллар бағамына қатысты жағдайға түсініктеме берді.
Біз теңге бағамының құбылу себептерін үздіксіз түсіндіріп келеміз. Бұл ретте қаржылық тұрақтылыққа қауіп-қатерге жол бермеу мақсатында Ұлттық Банк бағамның шамадан тыс құбылмалылығы кезінде валюталық сауда-саттыққа араласу құқығын сақтайды. Бұған дейін Ұлттық Банктің ресми мәлімдемелерінде айтылғандай, қысқа мерзімді перспективада теңге бағамының құбылмалылығы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтардағы жағдайға байланысты болады", - деді Ғалымжан Пірматов.
Оның айтуынша, біз қиын сын-қатерлерге кезігіп отырмыз, бірақ қаржы жүйесі оларға төтеп беріп, қиындықтарды табысты еңсеріп келеді.
Атап айтқанда, біз қабылдаған шаралар ақпан айында бүкіл дүние жүзін дүр сілкіндірген оқиғалар кезінде қаржылық тұрақтылықты сақтап қалуға сеп болды. Болашақта бізді не күтіп тұрғанын қазір ешкім тап басып айта алмайтыны анық, бірақ жағдай біршама тыныш. Біз бәріміз қиындықтар мен тәуекелдерді көріп отырмыз, қаржылық институттарымыз тұрақты. Қазіргі уақытта біздің қаржы жүйемізде не болып жатқанына ерекше алаңдаудың жөні жоқ. Рас, көптеген сынақ, тәуекел бар. Бірақ біз кез келген құбылысқа дайынбыз", - деді Ұлттық Банк басшысы.
Ол Ұлттық банк жағдайды үнемі бақылап отыратынын, жаңа санкцияларды, басқа елдердегі шешімдердің экономикамыз бен қаржы жүйемізге әсерін сараптайтынын атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, 12 шілдедегі жағдай бойынша рубльге қатысты теңгенің ресми бағамы 7,55 теңгені құрайды. Айта кету керек, маусым айында рубль айтарлықтай нығайды, ол 9 теңгеге дейін нығайған. 2022 жылдың ақпанына дейін рубль бағамы орташа есеппен 5-6 теңгені құрады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.