10.11.2022, 14:15 15356

Риддер ЖЭО-да қазандық тағы істен шықты

Кеше іске қосылған жоғары қысымды № 6 қазандық қайтадан істен шықты.
Риддер ЖЭО-да қазандық тағы істен шықты
Риддер. 10 қараша. KAZAKHSTAN TODAY - Кеше іске қосылған жоғары қысымды № 6 қазандық қайтадан істен шықты.
 
Энергетика министрі Болат Ақшолақов Риддердегі жылу электр орталығында болған апатқа қатысты пікір білдірді.
 

Риддерде жағдай қиын. Қазір үш қазандық жұмыс істеп тұр. Кеше алтыншы, негізгі қазандықты іске қосқан едік. Өкінішке қарай, түнгі бірде қазандықты қайтадан тоқтатуға тура келді. Қазір ол суып жатыр, салқындағаннан кейін тексеріс болады. Әзірге үш қазандық жылу береді", - деп жауап берді Болат Ақшолақов журналистер қойған сауалға.

 
Министрдің айтуынша, қазір апаттың мән-жайы анықталуда. Мұның бәрі құрал-жабдықтардың тозығы жеткеніне байланысты.
 
Сонымен қатар Б.Ақшолақов Риддер Қазақстанның солтүстік және шығыс аймақтарын газдандыру жоспарына енгізілгенін атап өтті.
 
Министрге "Риддерде жаңа жылу электр орталығы салына ма?" деген сұрақ қойылды.
 

Ойланып көру керек. Бұл жай ғана электр энергиясы емес, бұл тариф. Ескірген станцияларды ауыстыруды қажет ететін, тозығы жеткен көптеген өңірлер бар. Тарифтердің өсуі бір мезетте емес, бірте-бірте болуы керек. Мемлекетке шамамен 500 млрд теңге қажет – бұл жүйені қалпына келтіруге және жаңартуға жұмсалатын шығындар (жалпы Қазақстан бойынша)", - деді министрлік басшысы.

 
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі де Риддер ЖЭО-да үш қазандық жұмыс істеп тұрғанын хабарлады. №6 қазандық, әкімдіктің мәліметінше, "төтенше жағдайға байланысты тоқтап қалған". Ол жөнделіп жатыр.
 

Құрметті тұрғындар, түнде 6-шы қазандық жұмыс істеп тұрған. Бірақ сағат 01:00-де апатты жағдайға байланысты тоқтатылды. Қазіргі уақытта үш орташа қысымды қазандық жұмыс істеп тұр. Қазір 6-шы қазандықта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аяқталғаннан кейін пайдалануға беріледі. Сабыр етіп, түсініңіздер!", - деді қала әкімі Дмитрий Горьков.

 
Еске салайық, 7 қарашада Риддердегі жергілікті жылу электр орталығында тағы бір апат болды. 22 мың абонент жылусыз қалды, қалада төтенше жағдай жарияланды. Риддерліктер жағдайды бақылауға алуды сұрап, ел Президентінің атына петиция жазды.
 
ШҚО әкімі "Риддер ЖЭО" басшылығының өз міндеттеріне немқұрайлы қарау фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
 
Ақпарат көзі: egemen.kz
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны