13.11.2024, 19:08 2766
Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан президенттері үш елдің энергетикалық жүйесін интеграциялау жөніндегі стратегиялық келісімге қол қойды
Достарға айту
СOP29 Дүниежүзілік климат саммитінің аясында мемлекеттер басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев, Ильхам Әлиев пен Шавкат Мирзиёев Қазақстан Республикасы, Әзербайжан Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысы бүгінгі айтулы оқиға орнықты дамуға ортақ ұмтылыс тарихының жаңа парағын ашқанын атап өтті.
Стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қою - Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ өңірлерінің үшжақты ынтымақтастығын дамытудағы маңызды кезең. Құжат елдеріміздің энергетикалық жүйелерін интеграциялау, сондай-ақ Еуропа елдері мен басқа да нарықтарға экологиялық таза энергияны жеткізетін сенімді дәліздерді қалыптастыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мұнда Қазақстан ірі транзит аумағы ретінде үлкен рөл атқарады. Аталған келісімнің нақты нәтижелері үш елдің экономикаларын біріктіріп, Орта дәлізді "жасыл көпір" ретінде дамытуға ықпал етеді. Бұл маңызды саладағы тығыз ынтымақтастық мемлекеттер арасындағы тәжірибе мен озық технологияларды алмасуға серпін береді, сондай-ақ энергетикалық қауіпсіздігімізді нығайтуға септігін тигізеді", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, көміртегі бейтараптығына жетуді көздейтін Қазақстан үшін жасыл энергетика маңызды бағыт саналады.
Біз қазба байлықтарға тәуелділікті азайтуға белсенді түрде кірістік. Технологиялық инновацияларды дамытып, экологиялық орнықты өркендеуге демеу болатын инфрақұрылым құруға бет бұрдық. Қазақстан шетелдік серіктестермен жалпы қуаты 43 ГВт болатын "жасыл" жобаларды жүзеге асыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді", - деді Мемлекет басшысы.
Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев бүгінгі келісімдер үш мемлекет арасындағы бауырластық қатынастар мен стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге шығаратынын атап өтті.
Орталық Азия мен Кавказ өңірі көптеген мәселе бойынша, соның ішінде "жасыл" энергияны дамыту саласында бірлесіп әрекет етеді. Біз қайта жаңғыртылатын энергия көздері бағытында Қазақстан мен Өзбекстанның ауқымды жоспарлары мен қол жеткізген жетістіктері жайында жақсы білеміз", - деді Әзербайжан Президенті.
Өзбекстан Президентінің пікірінше, бүгінгі келісім экономикалық мақсатты ғана көздемейді, бұл - болашаққа қосылған ортақ үлес.
Аталған жобаның экологиялық маңызын ерекше атап өткім келеді. Желден, күннен алынатын қуат климаттың жұмсаруына әсер етеді. Осы арқылы біз Париж келісімі аясында климатты қорғау жөнінде бірлескен күш-жігерге қолдау білдіріп, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге атсалысамыз", - деді Шавкат Мирзиёев.
Бұдан бөлек, іс-шарада мемлекеттер басшыларының қатысуымен Қазақстанның Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, Әзербайжанның Энергетика министрі Парвиз Шахбазов, Өзбекстанның Энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов және Сауд Арабиясының Энергетика министрі Әбдел Азиз бен Салман Әл Сауд Жасыл энергияны дамыту және беру саласындағы ынтымақтастық туралы атқарушы бағдарламаға қол қойды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
13.11.2024, 19:32 2506
Мемлекет басшысы Молдова Президенті Майя Сандумен кездесті
Достарға айту
СОР29 Дүниежүзілік климат саммиті аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Молдова Президенті Майя Сандумен кездесу өткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Мемлекеттер басшылары екі ел арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастарды, ең алдымен, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтудің мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесуде Майя Санду келесі жылы Астанада Молдова елшілігінің ашылуы елдеріміз арасындағы ықпалдастықты дамытуға септігін тигізетініне сенім білдірді.
Сондай-ақ президенттер жоғары деңгейдегі сапарлар ұйымдастыруға уағдаласты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
06.11.2024, 16:38 12046
Президент Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысты
Достарға айту
Президент Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиында сөйлеген сөзінде ерекше қонақжайлық көрсеткен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров пен біртуған қырғыз халқына шынайы ризашылығын білдірді. Сондай-ақ "Ынтымақ Ордо" ғимаратында өтіп жатқан алқалы жиын Түркі мемлекеттері ұйымының 15 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанына назар аударды.
Бұл - мерейлі белес. Осы сәтті пайдаланып, баршаңызға құтты болсын дегім келеді. Түркі мемлекеттері ұйымы аз ғана уақыт ішінде беделді құрылымға айналды. Оның әлемдік мәртебесі артты. Бұл - ең алдымен, берекелі бірлігіміздің, ортақ күш-жігеріміздің арқасы. Осы басқосу ырысты ынтымағымызды одан әрі нығайта түседі деп сенемін", - деді Мемлекет басшысы.
Президент еліміздің Түркі мемлекеттері ұйымындағы төрағалығы аясында атқарылған шараларға тоқталды.
Қазақстан Ұйымның іс басындағы төрағасы ретінде "TURKTIME!" ұранын көтерді. Түбі бір түркі жұртын біріктіруге баса мән бердік. Жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аудардық. Осы уақыт аралығында нақты жетістіктерге қол жеткіздік. Бірқатар жобаны жүзеге асырдық. 80-нен астам іс-шара ұйымдастырылды. Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Байрақты бәсеке Ұлы дала өркениетін жер-жаһанға танытты. Түркі әліпбиінің ортақ нұсқасы бекітілді. Мұны тарихи оқиға деуге болады. Былтыр Астанада Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдерді тағайындау туралы шешім қабылдадық. Оның ережесі бекітілуге дайын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, ұйым аясында сауда-экономика, энергетика, қаржы және инвестиция салаларындағы байланыстар да беки түскен.
Түркі инвестициялық қоры өз қызметін тиімді жалғастырып келеді. Мұны түркі интеграциясын тереңдетуге бағытталған қадам деп бағалаймын. Бүгінгі саммитке қырғыз бауырларымыз "Экономикалық интеграция, тұрақты даму, цифрлық болашақ және қауіпсіздік" тақырыбын ұсынып отыр. Бұл ұсыныс бәріміздің мүддемізге сай келеді. Соңғы 10 жылда ұйым мүшелері арасындағы экономикалық байланыстар нығая түсті. Биыл өзара сауда айналымы 45 миллиард доллардан асты. Осы көрсеткішті әлі де ұлғайтуға болады. Оған мүмкіндігіміз жетеді", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымға мүше елдер арасындағы сауда-саттықты жандандыру өте маңызды деп санайды.
Түркі әлемін экономикалық тұрғыдан одан әрі өркендету үшін Орта дәліздің әлеуетін толық пайдаланған жөн. Оның стратегиялық мәні бар. Сондықтан тасымалдау жолдарына қатысты бірлескен келісім жасау қажет. Мұндай қадам тұрақты дамуды қамтамасыз етеді. Ұйымға мүше мемлекеттер бұл бастамаға қолдау білдіреді деп сенемін", - деді Президент.
Мемлекет басшысы қаржы-инвестиция саласындағы ынтымақтастықты нығайту қажет екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл бағытта Түркі инвестициялық қоры ерекше рөл атқарып келеді. Сонымен қатар тараптардың Орталық банктер кеңесін құру туралы бастаманы бірауыздан құптағанын жеткізді.
Президент адам капиталын дамытуды аса маңызды міндет ретінде атады.
Түркі өркениетін жаңғырту үшін адам ресурстарын тиімді пайдалану керек. Дарынды жастардың әлеуетін ашуға мүмкіндік жасау қажет. Ғылым-білім саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейткен жөн. Былтырғы Саммитте елдерімізде беделді университеттеріміздің бөлімшесін ашу туралы ұсыныс айтылды. Соның нәтижесінде Қазақстанда Түркияның Гази университетінің филиалы ашылды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бүгін қол қойылатын "Цифрлық экономикадағы әріптестік туралы" келісімді Түркі мемлекеттері ұйымы мүшелері үшін мәні зор құжат деп бағалады. Сондай-ақ түркі әлеміне ортақ ақпарат кеңістігін қалыптастыру мақсатында кабельдік телеарналардың өзара хабар таратуын ұйымдастыру қажет екеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында саммит аясында жасалатын келісімдер түркі мемлекеттерінің әлеуетін арттыратынына сенім білдіріп, Ұйымға төрағалық ететін Қырғыз еліне табыс тіледі.
Саммитте Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев сөз сөйледі.
Сондай-ақ Түркі елдерінің бірлігін күшейтуге қосқан елеулі үлесі үшін Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан "Түркі әлемінің ең жоғарғы орденімен" марапатталды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
05.11.2024, 16:28 14221
Қазақстан Президентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті
Достарға айту
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Франция Республикасына мемлекеттік сапары салтанатты қарсы алу рәсімінен басталды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысын әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Президент Эмманюэль Макрон қарсы алды. Қазақстан мен Францияның мемлекеттік әнұрандары шырқалды.
Президенттер республикалық гвардия, әуе-ғарыш, құрлық және теңіз әскерлерінен жасақталған Құрмет қарауылының алдынан жүріп өтті. Бұдан кейін мемлекеттер басшылары Құрмет қарауылының салтанатты шеруін тамашалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон бір-біріне ресми делегация мүшелерін және құрметті қонақтарды таныстырды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
31.10.2024, 15:20 21321
Қазақстан мен Катар қылмысқа қарсы күресте ынтымақтастықты нығайтуда
Достарға айту
Министр Ержан Саденов бастаған Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің делегациясы Доха қаласына (Катар) іссапармен барды, деп хабарлайды ҚР ІІМ баспасөз қызметінен.
Сапар аясында Катардың Ішкі істер министрі шейх Халиф бен Хамад Әл Танимен кездесу өтті.
Кездесуде тараптар қылмысқа қарсы күрестегі өзара іс-қимыл перспективаларын, соның ішінде қылмыстың ұйымдасқан түрлеріне, есірткінің заңсыз айналымына, экстремизмге, киберқылмысқа қарсы күрес мәселелерін, сондай-ақ адамдарды іздестіру және тәжірибе алмасу саласындағы ынтымақтастықты талқылады.
MILIPOL QATAR-2024" 15-ші халықаралық қауіпсіздік көрмесінің аясында өткен Қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге қол қою сапардың басты нәтижесі болды.
Бұл келісім құқық қорғау саласындағы Қазақстан-Катар қатынастарының жаңа кезеңін ашып, қауіпсіздік бағытындағы өзара іс-қимыл мен күш-жігерді үйлестірудің құқықтық негізін қалыптастырады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
29.10.2024, 15:45 27161
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ухнаагийн Хурэлсух БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді
Достарға айту
Қазақстан және Моңғолия президенттері келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері алдында бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Президент, ең алдымен, Ұлан-Батырға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін Ухнаагийн Хурэлсухқа шынайы ризашылығын білдіріп, бұл сапардың мән-маңызы ерекше екенін жеткізді.
Моңғолия - аймақтағы маңызды көршіміз. Біз бір-бірімізге тілектеспіз. Біздің тарихымыз, рухани және мәдени құндылықтарымыз - ортақ. Бүгінгі кездесу қазақ тарихында айрықша орын алатын Жошы ұлысының 800 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның екі халық үшін символдық мәні зор. Соңғы жылдары қазақ-моңғол қатынастары қарқынды дамып келеді. Берік татулыққа негізделген ынтымақтастық стратегиялық серіктестікке ұласты. Біз Президент Хурэлсух мырзамен бірге арнайы декларацияға қол қойдық. Бұл құжат екі елдің достығын нығайта түседі. Түрлі саладағы тиімді байланыстарды дамытуға тың серпін береді", - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты тереңдету жөнінде уағдаласқанын айтты.
Жалпы, келіссөздер өте табысты өтті деуге толық негіз бар. Атап айтқанда, экономикалық қарым-қатынасты жандандыруға келістік. Қазақстан мен Моңғолия Азиядағы ірі елдер санатында. Сондықтан өзара сауда айналымы ауқымды болуға тиіс. Былтыр сауда-саттық көлемі 150 миллион долларға жуықтады. Бұл көрсеткішті көп ұзамай 500 миллион долларға дейін жеткізу жоспарда бар. Ол үшін алыс-берістегі тауар түрін көбейту керек. Сондай-ақ экономикалық ықпалдастықты тежейтін кедергілерді жою қажет. Екі ел үкіметі нақты шараларды қабылдайды. Бүгін Сауда-экономикалық байланысты арттыру жөніндегі жол картасына қол қойдық", - деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, екі ел делегациясы ауыл шаруашылығы, өндіріс, көлік-логистика және энергетика саласына қатысты нәтижелі келіссөз жүргізген.
Қазақстанда мал ауруларына қарсы вакцина шығаруға мүмкіндік бар. Осы орайда, алдағы уақытта Моңғолияда вакцина өндірісін ашуға келістік. Сонымен қатар жаңа технологияны, қазба байлықты бірлесіп игеруге тоқталдық, инвестиция мәселесін талқыладық. Мен Қазақстанның электронды үкімет, киберқауіпсіздік және ғарыш саласындағы жетістіктеріне тоқталдым. Өздеріңізге мәлім, елдерімізде табиғи ресурс мол. Темір, фосфат, боксит және басқа да сирек кездесетін минерал кеніштерін барлап, игеру үшін бірлесе жұмыс істейміз. Қазақстан кәсіпкерлері Моңғолияның тау-кен саласын зерттеуге дайын. Келіссөздер барысында көлік-логистика мәселелері туралы әңгімелестік. Халықаралық дәліздердің бәсекеге қабілетін арттыру - маңызды міндеттің бірі. Ол үшін екі ел арасындағы және басқа мемлекеттермен көлік қатынасын жетілдіру қажет. Сонда елдеріміздің аумағы арқылы тасымалданатын жүк көлемі ұлғая түседі. Транскаспий бағыты мен Солтүстік-Оңтүстік дәлізін тиімді пайдалану маңызды", - деді Президент.
Бұл ретте Мемлекет басшысы кеше Ұлан-Батырда өткен Іскерлік кеңестің алғашқы отырысында кәсіпкерлер ауқымды коммерциялық келісімшарттарға және өзге де құжаттарға қол қойғанына назар аударды. Екі ел үкіметтеріне бірлескен кәсіпорындарға қолайлы жағдай жасау жөнінде тапсырма берілген.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев аймақаралық алыс-берістің әлеуетін ұтымды пайдаланған жөн деп санайды.
Бүгінде Астана мен Ұлан-Батыр арасында бауырластық байланыс орнаған. Осындай байланысты басқа да аймақтар арасында дамыту маңызды. Моңғолиядағы қазақ диаспорасы - берік достықтың алтын көпірі. Қандастарымызға қамқор болып жүрген Моңғолия басшылығы мен халқына алғыс айтамыз", - деді Президент.
Мемлекеттер басшылары ғылым мен білім, мәдениет саласындағы ынтымақтастыққа ерекше мән беріп, жастардың қарым-қатынасын арттыра түсетін тың бастамаларды талқылаған.
Моңғол жастары үшін Қазақстанның жоғары оқу орындарының есігі ашық. Сондай-ақ ғалымдарымыз бен зиялы қауым өкілдерін ортақ тарихымызды бірлесе зерттеуге шақырамын. Осы маңызды қадамдар екі елдің өсіп-өркендеуіне ықпал етеді деп сенемін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан мен Моңғолия халықаралық және аймақтық деңгейде тығыз байланыс орнатқан әрі көптеген өзекті мәселеге қатысты ұстанымдары ұқсас.
Жаһандық және аймақтық құрылымдар аясында ықпалдастығымыз дамып келеді. Әсіресе, Азиядағы ынтымақтастықты нығайтуға назар аудардық. Қазір геосаяси жағдай күрделі. Сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да халықаралық құрылымдар аясында өзара қолдау көрсетіп, консультация өткізу маңызды. Біз екіжақты және көпжақты қарым-қатынасты дамыта береміз. Моңғолияның Еуразия экономикалық одағымен Еркін сауда келісімін жасау ниетін қолдаймыз", - деді Президент.
Өз кезегінде Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух қазақ пен моңғол бауырлас халықтар екенін, оларды ежелден тарихи, мәдени және рухани мұралар біріктіретінін атап өтті.
Сіздің мемлекеттік сапарыңыз барысында екі елдің дәстүрлі достық қарым-қатынасын одан әрі кеңейту және дамыту жөнінде тарихи шешім қабылдадық. Бұл Моңғолия мен Қазақстанның ынтымақтастығын стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеруге мүмкіндік береді. Аталған айтулы оқиға өзара байланыстарымыздың жаңа кезеңіне жол ашады. Қазақстан Республикасы - Моңғолиямен стратегиялық серіктес елге айналған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Бұған қуаныштымыз. Біздің ресми келіссөздеріміз жылы әрі іскерлік сипатта табысты өтті. Осы орайда 30 жылдағы жетістіктерімізді қорытындыладық. Ынтымақтастығымызды жаңа мазмұнмен байыту, алдағы уақытта байланыстардың барлық саласын кеңейту жөнінде нәтижелі пікір алмастық. Өзара ықпалдастықтың перспективасын, басымдықтары мен жол картасын бірге айқындадық", - деді Ухнаагийн Хурэлсух.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
29.10.2024, 11:33 27511
Қазақстан мен Моңғолия президенттері стратегиялық әріптестік орнату туралы декларацияға қол қойды
Достарға айту
Келіссөздер аяқталғаннан кейін мемлекеттер басшылары Стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларацияға қол қойды. Содан кейін қол қойылған құжаттарды алмасу рәсімі өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Моңғолияға мемлекеттік сапары аясында екі ел делегациялары төмендегідей құжаттарға қол қойды:
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
2. Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы 2025-2027 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі жол картасы;
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
4. Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі мен Моңғолияның Жол және көлік саласын дамыту министрлігі арасындағы автомобиль жолдарын дамыту туралы меморандум;
5. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Моңғолияның Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы жоспар;
6. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Моңғолияның Мәдениет, спорт, туризм және жастар ісі жөніндегі министрлігі арасындағы мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
7. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мен Моңғолияның Мәдениет, спорт, туризм және жастар ісі жөніндегі министрлігі арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
8. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Моңғолияның Азық-түлік, ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
9. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті мен Моңғолияның Бас ветеринариялық басқармасы арасындағы ветеринария қызметі және карантин саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
10. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Моңғолияның Цифрлық даму, инновациялар және коммуникациялар министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
11. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Моңғолияның Атом энергиясы жөніндегі комиссияның атқарушы кеңсесі арасындағы атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
24.10.2024, 17:04 32886
БРИКС даму тұрғысынан мол әлеуетке ие және түрлі құрлықтағы мемлекеттерді біріктіреді - Тоқаев
Достарға айту
Мемлекет басшысы "БРИКС плюс" саммитіне қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазан қаласында өтіп жатқан БРИКС-тің пленарлық отырысының "БРИКС плюс"/"аутрич" форматында сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы БРИКС өзара тиімді ынтымақтастыққа ниетті көптеген елдің назарын аударатын халықаралық ауқымдағы жаһандық орталыққа айналып келе жатқанын атап өтті.
БРИКС даму тұрғысынан мол әлеуетке ие және түрлі құрлықтағы мемлекеттерді біріктіреді. Сондай-ақ ынтымақтастықты нығайтып, ортақ ресурстарды барлық қатысушының игілігіне тиімді пайдаланады. Өзара құрмет пен серіктестік, бірлесе өркендеу қағидаттарына негізделген келешектің іргесін қалауға БРИКС-тің тәжірибесі де, мүмкіндігі де жетеді, - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, БРИКС-тің көпжақты күш-жігері әлемде әлі де баламасы жоқ әмбебап құрылым саналатын БҰҰ қызметін толықтыра түседі.
БҰҰ Жарғысындағы дипломатия мен диалог қағидаттары БРИКС-тің негізгі күн тәртібіне айналды. Ол қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуге және стратегиялық тұрақтылықты нығайтуға ықпал етіп отыр. Біз Еуразияның тең әрі біртұтас қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты Ресейдің тұжырымдамасын жоғары бағалаймыз. Оның түп негізінде өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайту арқылы геосаяси қысымды төмендету ниеті жатыр. Қазақстан Қытайдың халықаралық тұрақтылықты сақтау, егемендікті қорғау, қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу және көпқырлы тәсілдерді қолдану арқылы жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бастамасын қолдайды. Сондай-ақ еліміз Қытай мен Бразилияның Украина жөніндегі бейбіт жоспарын құптайды", - деді Президент.
Бұл ретте Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына алаңдаушылық білдірді.
Біздің ойымызша, қақтығыстың кедейшілік, теңсіздік пен білімсіздік сияқты түп себептерін бірлесіп жою халықаралық саяси ықпалдастықты нығайтудың негізгі факторы болып қала береді. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалауды және оның құрамын Африка, Латын Америкасы, Азия елдерінің жаңа мүшелері есебінен кеңейтуді қуаттайды", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев бейбітшілік және қауіпсіздік мәселелерін шешуде Жаһандық Оңтүстік елдерінің үні салмақты шығуға тиіс деп мәлімдеді. Оның айтуынша, БРИКС жаһандық басқару құрылымында орта державалар мен дамушы экономикалардың үлесін арттырып, бұл үдерісте негізгі рөл атқара алады.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Қазақстанның БРИКС-ке мүше елдермен сауда-саттық айналымы қарқынды өсіп келе жатқанын атап өтті. Бұл көрсеткіш былтыр еліміздің сыртқы сауда көлемінің жартысына жетті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, сауда және инвестиция, ІТ-технология, аса маңызды минералдар, азық-түлік қауіпсіздігі, білім және туризм салалары өзара тиімді серіктестіктің перспективті бағыттары саналады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы өз сөзінде көлік-транзит саласындағы, ең алдымен, "Бір белдеу, бір жол", "Солтүстік-Оңтүстік" халықаралық көлік дәлізі және Транскаспий халықаралық көлік бағыты бастамалары аясындағы өзара ықпалдастықты нығайту мәселесіне баса мән берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, сондай-ақ су тапшылығы, ауа температурасының күрт көтерілуі және шөлейттену секілді климат өзгерістерінің салдарын еңсеру үшін "БРИКС плюс" аясында сенімді серіктестік қатынастар қалыптастыру қажет екенін атап өтті.
Президент сөзін қорытындылай келе, "БРИКС плюс" форматындағы бірлескен әрекеттер Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы өзара байланысты едәуір нығайтып, мемлекеттер дамуындағы алшақтықты жоюға, халықаралық қауіпсіздікті айтарлықтай күшейтуге және жаһандық прогресс үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретінін айтты.
Саммитке 36 елдің өкілдері және 6 халықаралық ұйымның жетекшілері қатысты, сондай-ақ жоғары деңгейдегі 20-ға жуық делегация келген.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
18.10.2024, 18:21 39821
Қазақстан мен Ресей екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады
Достарға айту
Мәскеуде өткен Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы 25-ші Үкіметаралық комиссия отырысында екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Қазақстанның үкіметтік делегациясын Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин, Ресей тарапын Ресей Федерациясы Премьер-министрінің орынбасары Алексей Оверчук басқарды.
Тараптар транспорттық-логистика саласында ынтымақтастықты белсенді түрде дамытуда. 2024 жылдағы 9 айдың қорытындысы бойынша, Қазақстан мен Ресей темір жолдары бірлескен жұмысының нәтижесінде, контейнерлердің Ресейден Қазақстан арқылы Қытайға тасымалдау көлемі 63%-ға, ал Ресей мен Қазақстан аумағы арқылы "Қытай - Еуропа - Қытай" бағытындағы тасымалдар 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 65%-ға артты. Аталған отырыста тараптар контейнерлік пойыздардың "Қытай - Қазақстан - Ресей" бағыты бойынша жүк ағынын арттыру үшін Селятино стансасына жақын жерден транспорт инфрақұрылымын салу мәселесін пысықтауға келісім жасады. Бұл стансада биыл сәуір айында Сиань (Қытай) - Достық/Алтынкөл (Қазақстан) - Селятино (Ресей) маршруты бойынша жүк тасымалдауды барынша тиімді жүзеге асыруға бағытталған CRK Terminal заманауи транспорттық-логистика орталығын құру жобасы іске қосылды. Бұл орталық халықаралық транспорт дәліздерінің дамуына маңызды үлес қосып, Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Үкіметаралық комиссия отырысы барысында Қазақстан тарапы Ресей жағынан отандық карантинге жатқызылған өнімдер импортына шектеулер енгізу мәселесін көтерді. Тараптар жағдайды шешу жолдарын жедел әзірлеу үшін уәкілетті мемлекеттік органдар арасында екіжақты консультациялар өткізуге келісті.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың сауда-экономикалық, өнеркәсіп, энергетика, транспорт, қаржы, мәдениет, ғылым, білім және туризм салаларындағы нәтижелері де қаралды.
2024 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы $17,2 млрд-ты құрады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
14.11.2024, 14:47Қазақстанның Арнайы операциялар күштерінің бөлімшелері Өзбекстанда Hanjar-2024 оқу-жаттығуына қатысуда 14.11.2024, 15:01 6306Қазақстан "Серпін" бағдарламасын іске асыру жұмысын күшейтуге ниетті14.11.2024, 15:30 5811Қазақстан 2026 жылы Өңірлік Климаттық саммит өткізеді14.11.2024, 15:36 5441Қазақстан мен Өзбекстан арасында алғашқы теміржол туры іске қосылады14.11.2024, 15:44 5071Қала сыртындағы жолдарда қамту мақсатында "жасырын" патрульдеу енгізілді
08.11.2024, 13:42 114031Елімізде тағы бір республикалық маңызы бар жол ауқымды жөндеу жұмыстарымен қамтылады07.11.2024, 17:05 100456Алматыда кезекті нысан сот шешімі бойынша бұзылды07.11.2024, 17:00 99991Шымкентте құны 70 млн теңге болатын учаске мемлекетке қайтарылды08.11.2024, 13:35 88691Қазақстан мен АДБ Қызылорда - Жезқазған автожолының құрылысын қаржыландыру туралы келісімге қол қояды11.11.2024, 13:48 87976Санжар Әділов Қазақстанның ішкі істер министрінің орынбасары болып тағайындалды
24.10.2024, 16:52 139296Татарстанда қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбаевтың ескерткіш-бюсті ашылды23.10.2024, 16:04 136026Алматыда автокөліктердің шығарындыларының улы заттарын өлшеуге арналған "Таза ауа" акциясы өтуде24.10.2024, 14:24 133406Елге 1,7 трлн теңгеден астам қаражат қайтарылды - Асылов23.10.2024, 21:06 128966Мемлекет басшысы Вьетнам Президенті Лыонг Кыонгты құттықтады23.10.2024, 21:00 128806Тоқаев БРИКС мемлекет басшыларының XVI Саммитіне қатысу үшін Қазанға келді