03.05.2022, 16:32 12821

Балаларды 1-ші сыныпқа қабылдауға 180 мыңнан астам өтініш түсті

Балаларды 1-ші сыныпқа қабылдауға 180 мыңнан астам өтініш түсті
НҰР-СҰЛТАН. 3 МАМЫР - 2022 жылғы 1 сәуірден бастап балаларды 1-сыныпқа қабылдауға 180 мыңнан астам өтініш түсті. Өтініштің 160 мыңнан астамы электронды форматта қабылданды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Бiлiм және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Біз азаматтарға көрсететін барлық қызметті автоматтандыруға баса мән береміз. ҰБТ, барлық деңгейдегі олимпиадалар электронды форматқа көшірілді. Мұның артықшылығы өте көп. Оның ең бастысы - барлық процестің ашықтығы. Біз барынша ашықтық пен азаматтарға қолайлы жағдай жасау үшін жұмыс істейміз. Балаларды 1-сыныпқа қабылдауға өтініштердің басым көпшілігінің электронды форматта тапсырылуы ҚР БҒМ-нің цифрлық мемлекеттік қызметтері азаматтар арасында танымал екенін көрсетеді", - деді Білім және ғылым вице-министрі Айбат Ілиясов.

 
Еске сала кетейік, балаларды 1-сыныпқа қабылдау үшін құжаттарды қабылдау 2022 жылғы 1 сәуірде басталып, 1 тамызға дейін жалғасады. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін балаларды мектепке қабылдау қызметі автоматтандырылған және egov.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Онлайн өтініш беру үшін: 026/у-3 (денсаулық паспорты) және 063/у (профилактикалық егулер картасы) нысанындағы емханадан анықтамалар, 3х4 баланың фотосуреті қажет.
 
БҒМ-ның 2022-2023 оқу жылына арналған болжамы бойынша, бірінші сыныптарға 420 мыңға жуық білім алушыны қабылдау жоспарлануда.
 
Бірінші сыныпқа балалар 6 жастан бастап келеді. 2022 жылдың соңына дейін 6 жасқа толған балалардың ата-аналары да өтініш бере алады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны