06.03.2023, 16:32 35916

Алматыда ақылы автотұрақ ісі: сотталушыларға үкім шығарылды

Алматыда ақылы автотұрақ ісі: сотталушыларға үкім шығарылды
Сот Пірінбековті 5 жылға, Базарбаевты 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады

Алматы. 6 наурыз. KAZAKHSTAN TODAY - Бүгін Алматының Алмалы аудандық соты "Алматы спецтехпаркинг сервис" ЖШС бұрынғы директоры Марат Пірінбеков пен Alan Parking ЖШС бұрынғы бас директоры Мұхтар Базарбаевқа үкім шығарды.
 
Сотта анықталғандай, сотталушы П. "А" ЖШС директоры бола тұра, жауапкер Б-мен алдын ала сөз байласып, бір топ адаммен бірге 225 630 072 теңге ("П" ЖШС шотына автотұрақ ақысынан түскен) қаржыны жымқырған.
 
Бұдан бөлек сотталушы Б. "А" ЖШС бас директоры бола тұра, іздеуде жүрген адаммен алдын ала келісіп, бір топ адаммен автотұрақтан жиналған 190 078 778 теңге сомасында аса ірі көлемдегі ақшаны ұрлаған.
 
Сотталушылардың қылмыстық әрекетінен мемлекетке жалпы сомасы 436 040 706 теңге болатын, қос компанияның пайдасының 30% мөлшерінде дивиденд түспеген.
 

Сотталушы Б. басқа адамдармен топтасып, ұрлық жасағаннан кейін 391 651 076 теңге ұрланған қаражаттың бір бөлігін жалған мәміле жасап, заңдастыру арқылы заңды айналымға түсірген", - деп хабарлады Алматы қаласы сотының баспасөз қызметі.

 
Қылмыстық істі қарау барысында мемлекетке келген зиян толық көлемде өтелді.
 
Сотталушылардың кінәсі экономикалық сараптамамен, аудиторлық қорытындымен, куәлардың айғақтарымен және істің басқа материалдарымен дәлелденді.
 
Айта кетсек, сотта айыпталушылар ақылы автоматтандырылған автотұрақ енгізу жобасының мемлекетке тиімді екенін көрсетіп, кінәсін мойындамады.
 
Олардың айтуынша, мемлекет өз тарапынан бұл жобаға ақша салмай, салық айыппұлдары мен дивиденд түріндегі жеңілдіктерге ие болған.
 
Прокурор соттан айыпталушыларды 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
 

Үкім тағайындау кезінде сот жазаны жеңілдететін мән-жайларды, бұрын соттылығының болмауын және мемлекетке келтірілген зиянды толық көлемде өтейтінін ескерді, сотқа дейінгі тергеу органдары ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ", - делінген хабарламада.

 
Қылмысқа қатысушылардың әрқайсысының қылмыстық рөлін, жеңілдететін мән-жайды ескере отырып, сот Пірінбековті 5 жылға, Базарбаевты 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемелерінде өтеуге үкім етті.
 
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
 
Еске салайық, 14 сәуір күні "Alan Parking" ЖШС директоры Мұхтар Базарбаев екі айға қамауға алынған болатын.
 
Кейін ақылы автотұрақтар қаланың меншігіне қайтарылды.
 
Ақпарат көзі: inform.kz
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны