27.10.2021, 17:25 24005

Алматы тұрғындары кедендік зертхананы тұрғын ауданнан көшіруді сұрайды

Тұрғындар өз қауіпсіздігіне алаңдаулы.
АЛМАТЫ. 27 ҚАЗАН - Алматыдағы Алмалы ауданының тұрғындары Мемлекеттік кірістер комитетінің Орталық кеден зертханасы филиалын басқа жерге көшіруді талап етіп отыр.
 
Халық тығыз қоныстанған ауданның дәл орталығында, бұрынғы балабақша ғимаратында орналасқан зертхана қызметкерлері қауіпті заттармен жұмыс істейді. Мәселен, олар жанармайға сараптама жүргізеді. Осыған байланысты тұрғындар өз қауіпсіздігіне алаңдаулы, деп хабарлайды "Хабар 24".
 
Сейфуллин даңғылы мен Мақатаев көшесінің қиылысында тұратын тұрғындардың тынышы кеткеніне біраз жыл болды. Үлкен сауда орталығы мен кеңсе ғимараттары салынғалы, көлік тұрағы жеткіліксіз. Көлденең көк аттылар көліктерін кез келген аулаға қойып кетеді. Ал кешке қарай жолдағы кептелістен қашқан жүргізушілер, аулалар арқылы өтуді әдетке айналдырған. Жақында тар көшеде көліктер соғысып, баланы майып қыла жаздапты. 
 

Балаларымызды, сондай-ақ қарт тұрғындарды қорғау үшін біз шлагбаумдар орнаттық. Оны орнатуға әкімдік келісімін берді. Шлагбаумдарымызға орнатылған арнайы құрылғыларға тексеру жүргізілді. Жедел жәрдем көлігі тәуліктің кез келген уақытында өте алады. Төтенше жағдай болса – өрт сөндірушілер, полиция қызметкерлері де кіре алады. Барлық кедергілер арнайы дабыл дауысына сай жұмыс істейді", - дейді Алмалы ауданының тұрғыны Элина Олейникова.

 
8 көпқабатты үйдің тұрғындары шлагбаум орнату үшін өз қалталарынан қаражат шығарыпты. Тиісті мекемелермен ұзақ уақыт бойы жүргізілген келісімдерден кейін кедергілер қойылып, бөтен көліктер аулаға кірмейтін болған. Ал енді тұрғын үйлердің ортасында орналасқан Орталық кеден зертханасының филиалы көшірілсе дейді. 
 

Біз мұнай және мұнай өнімдеріне сараптама жасаймыз. Жанармайдың сапасын, қандай маркаға жататынын анықтаймыз. Біздің кедендік сараптамашылар қорытынды жасайды", - деп түсіндірді ҚР Қаржы министрлігі МКД Орталық кеден зертханасы басшысының орынбасары Батыржан Қартбаев.

 
Кедендік зертханамен ортақ территориясы бар Экономикалық тергеу департаменті зертхананың арнайы көліктерін өз қақпасы арқылы Жібек жолы көшесінен өтуге тыйым салған соң мәселе ушыға түскен. 
 

Олар тұрғындардың өмірін қатерге тіге отырып, арнайы көліктерді біздің аула арқылы өткізуді жөн деп тауыпты. Біз бұған түбегейлі қарсымыз. Біз хат жазып, тұрғындардың қолын жинадық. Енді оны тиісті орындарға жібереміз. Қала әкімдігінен біздің мәселемізге назар аударуын сұраймыз", - деді Алмалы ауданының тұрғыны Элина Олейникова.

 

Олар өз зертханасына көлікпен бару үшін ойын алаңы, стадион және шағын ойын алаңы арқылы өтеді. Біз балалар үшін алаңдаймыз", - дейді Алмалы ауданының тұрғыны Юлия Москаленко.

 
Орталық кеден зертханасының басшылығы аулалар арқылы өтетін жол жалпыға ортақ болуы керек дегенді алға тартты. 
 

Біз тұрғындардан артық ештеңе талап етпейміз. Біз өзіміздің жұмысымызға, яғни мемлекеттік мекемеге кедергісіз кіріп шығуды қалаймыз. Көшелерден кірер жерлерге шлагбаум қойып тастаған. Тауар, үлгілер әкелген біздің қызметкерлерімізді көлікпен кіргізбейді. Пультті бізге бермейді. Сотқа беруге тура келді. Жауапты жақ – Алмалы ауданының әкімдігі", - деді ҚР Қаржы министрлігі МКД Орталық кеден зертханасы басшысының орынбасары Батыржан Қартбаев.

 
Соңғы жылдары қаланың шет аумақтарын дамытуға басымдық беріліп келеді. Бұл – мегаполистің ресми саясаты. Өндірістік мекемелерді қала сыртына көшіру процесінің қолға алынғанына да көп жыл болды. Алайда адам өміріне қауіпті заттарға сараптама жасайтын Орталық кеден зертханасының жұмысына қатысты тұрғындардың жанайқайына ешкім құлақ асар емес.
 
Ақпарат көзі: 24.kz
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны